«ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ» ФЕСТИВАЛІ ТУ КӨТЕРЕДІ

 

Ертең Астанада «Ұлы Дала рухы» фестивалінің аймақтық іріктеуіне арналған жеребе тарту рәсімі өтеді. Наурыз-шілде айларының аралығында өтетін «Ұлы Дала рухы» фестивалі биыл жүздеген өреннің басын ұлттық спорттың онға жуық түрі бойынша қосқалы отыр. Осы ретте оқырман назарына фестивальдің қашан және қайда өтетіні, сайыстың шарттары туралы мәліметтерді ұсындық. Аймақтық іріктеуге қатысатын облыстардың жеребе тарту рәсімі — 2018 жылдың наурыз айының 15 күні Астана қаласы «Қазақстан концерт залында» сағат 18:00-де басталады.

 

Төрт аймақ — бір тұғыр «Ұлы Дала рухы» фестивалін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында наурыз-шілде аралығында өткізу жоспарланған. «Ұлы Дала рухы» ұранымен көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, қыз қуу, бәйгенің бірнеше түрінен өтетін республикалық жарыстардың биыл шілде де ақтық сайыстары өтеді.

Жарыс бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, І кезең — аймақтық іріктеу жарыстары (Солтүстік, Оңтүстік, Батыс, Шығыс), ІІ кезең — ақтық жарыстар. Аймақтық іріктеу жарыстарына әр аймақтан 4 командадан қатысатын болады. Қазақ күресінен, көкпардан, асық атудан, тоғызқұмалақтан аймақтық іріктеу жарыстары өңірлердің облыс орталықтарында өтеді. Барлық ұлттық спорт түрлерінен ақтық жарыстар Астана қаласында ұйымдастырылады. Фестиваль ІІ кезең бойынша өтеді. Яғни, І кезең — фестивальдің аймақтық іріктеу жарыстары. Қатысушы командалар 4 топқа бөлінеді: Оңтүстік аймақ: Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы. (Өтетін мерзімі — сәуір айы). Батыс аймақ: Маңғыстау облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы. (Өтетін мерзімі — мамыр айы). Шығыс аймақ: Павлодар облысы, Қарағанды облысы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы. (Өтетін мерзімі — маусым айы). Солтүстік аймақ: Астана қаласы, Ақмола облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы. (Өтетін мерзімі — маусым айы).

Аймақтық іріктеуге қатысатын облыстардың жеребе тарту рәсімі — 2018 жылдың наурыз айының 15 күні Астана қаласы «Қазақстан концерт залында» сағат 18:00-де басталады. Жеребе тарту рәсіміне облыстардың және қалалардың өкілдері, федерациялар, команда жетекшілері, төрешілер мен команда капитандары қатысады. Аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуден І кезең және бәйге түрлерінен жарыстар Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында өтеді. Қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату спорт түрлерінің І кезеңі бекітілген облыс орталықтарында ұйымдастырылады. Ал І кезеңде спорт түрлерінен жеңімпаз болған командалар ІІ кезеңге жолдама алады. ІІ кезең — Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылып, жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің ақтық сыны келесі тәртіп бойынша өткізілмек: — қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ (29-30 маусым күндері, келу күні 28 маусым күні. Астана қаласы, Дәулет спорт кешені). — аударыспақ, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, бәйге түрлері (4-5 шілде күндері, келу күні 2017 жылдың 3 шілде күні. Астана қаласы «Қазанат» атшабары). І кезеңде өткізілетін аймақтық іріктеу сыңдарына және ақтық сайысқа «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» және федерациялар тікелей бақылау жүргізеді.

Аударыспақ Аударыспақтан Фестивалдің І, ІІ кезеңдеріне тиісті дәрежедегі дайындығы бар, ат үстінде отыруды жақсы меңгерген спортшылар қатыса алады. Фестивальге 1997-2000 жылы туған спортшылар жіберіледі. Фестивалдің І, ІІ кезеңдері командалық түрде 5 салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі: 50 келі, 60 келі, 70 келі, 80 келі, +80 келі. Қатысушы спортшылардың арнайы спорттық киімі болуы тиіс (белбеу, етік, шапан, қамшы). Аударыспақ ері бекітілген ережеге сәйкес, ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс. Аударыспақ шеңберінің аумағы: 15 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Белдесуде спортшылардың ұпайы тең болған жағдайда, қосымша 3 минут уақыт беріледі. Команда құрамы: 5 спортшы, 1 жаттықтырушы, 2 мал күтуші жұмысшы. Теңге ілу Теңге ілуден жарыс 2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бекітілген ережеге сәйкес өткізіледі.

Теңге ілуден Фестивалдің І, ІІ кезеңіне 1997-2000 жылы өмірге келген спортшылар қатыса алады. Теңге ілу командалық түрде өтеді. Команда құрамы 3 спортшы. Әрбір командаға 2 мүмкіндіктен беріледі. Аттың тізесінен жоғары көтерілмеген теңге есепке алынбайды. Ілінген теңгелер саны мен уақыт есепке алынады. Ең көп теңге ілген команда жеңіске жетеді. Егерде командалардың ілген теңгелер саны бірдей болса, әр командадағы 3 спортшының 2 мүмкіндікте шауып өткен уақыттары қосылып, уақыты аз команда жеңіске жетеді. Спортшылар 25 секундқа дейін шауып өту тиіс. Уақыты 25 секундтан асқан спортшылардың нәтижесі есепке алынбайды. Команда құрамы: 3 спортшы, 1 жаттықтырушы, 1 мал күтуші жұмысшы. Жамбы ату Жамбы ату сайысында Фестивалдің І, ІІ кезеңіне 1997-2000 жылы дүниеге келген спортшылар қатыса алады. Теңге ілу командалық түрде өтеді. Команда құрамы 3 спортшы. Әрбір командаға 2 мүмкіндіктен беріледі. Жарыс жамбы ату ойыны үшін жабдықталған арнайы алаңда өткізіледі. Жарыс алаңының параметрлері: ұзындығы 200 м, ені 120 м. Спортшы атпен шауып өтетін мәре мен сөренің арасындағы жол ені 4 метр ұзындығы 200 метр болып белгіленеді, жолдың жиегі анық сызылып ақ топырақпен (әк) немесе биіктігі 50 сантиметр таяққа ілінген арқанмен көрсетіледі. Жамбы ату жарысы 2 кезеңмен өтеді. 1. Қалқан ату. Спортшы жерден 20 см. биіктікке тігілген диаметрі 70 см. қалқанды түзу сызықтан (арқаннан) 7 метр қашықтыққа арасы 40 метрден орналастырылған 3 нысананы атпен шауып келе жатып атып өтеді. Егер жебе қалқанның ортасындағы диаметрі 60 см. Қалқанның ортасына тисе 5 ұпай, шетіне тисе 1 ұпай, орта мен шеттің арасына тигізсе 3 ұпай есептеледі. Спортшыларға 2 мүмкіндік беріледі. 2. Жамбы ату. Спортшы атпен шауып келе жатып түзу сызықтан 7 метр, биіктігі 3,5 метр бағанаға ілініп тұрған диаметрі 25 см. қалыңдығы 10 см. арақашықтықтары 40 м. болатын 3 (алтын, күміс, қола) жамбыны атып өтеді. Жебе қола жамбыға тисе 5 ұпай, күміс жамбыға тисе 10 ұпай, алтын жамбыға тисе 15 ұпай, егерде қатысушылар жамбы ілініп тұрған қылды атып үзсе 20 ұпай беріледі. Спортшыларға 2 мүмкіндік беріледі. Жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері алған ұпайымен және шауып өткен уақытымен анықталады. Спортшылар 25 секундқа дейін шауып өту тиіс, уақыты 25 секундтан асқан спортшылардың нәтижесі есепке алынбайды. Команда құрамы: 3 спортшы, 1 жаттықтырушы, 1 мал күтуші жұмысшы. Асық ату Асық атудан Фестивалдің І, ІІ кезеңі 2011 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитетімен және Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бекітілген бес табан (ұлдар), бес асық — қақпақыл (қыздар) ережесі бойынша өткізіледі. Жарысқа 2002-2004 жылы өмірге келген ұлдар мен қыздар қатыса алады. Команда құрамы 5 спортшы. Ұлдар 3, қыздар 2. Команда құрамы: 5 спортшы, 1 жаттықтырушы.

Қазақ күресі Қазақ күресінен Фестивалдің І, ІІ кезеңіне 1998-2000 жылы туған жастар қатыса алады. Жарыстар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт агенттігі мен Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясы бекіткен қолданыстағы ережелер мен 2011 жылы 18 тамызда енгізілген толықтырулар бойынша өткізіледі. Салмақ дәрежелері: 55 келі, 60 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, 90 келі, 100 келі, +100 келі. Команда құрамы: 8 спортшы, 1 жаттықтырушы. Командалар тең түскен жағдайда жеңімпаз команда ұпай санымен анықталады. Көкпар Көкпар ойыны 2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бекіткен ережеге сәйкес өткізіледі. Команда құрамы 2000 жылға дейінгі 4 спортшы, 1997 жылға дейінгі 4 спортшы, ересектер арасында 4 спортшы. Ойын алаңына ересектерден тек 2 (екі) спортшы қана шыға алады. Үшінші ересек спортшы ойын алаңына қосылып кеткен жағдайда, ойынан шеттетіледі. Команда құрамы: 12 ойыншы, 1 жаттықтырушы, 1 мал дәрігері, 5 мал күтуші жұмысшысы мен 12 ат кіреді, 1 өкіл.

Тоғызқұмалақ Тоғызқұмалақ спортынан Фестивалдің І, ІІ кезеңі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті мен Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорт федерациясы бекіткен ережелері бойынша өткізіледі. Жарыстар командалық швейцар жүйесімен рапид түрі бойынша 20 минуттан өтеді. Фестивалдің І, ІІ кезеңдеріне 1998 жылға дейінгі спортшылар жіберіледі. Команда құрамы 6 спортшы 3 ұл, 3 қыз. Команда құрамы: 6 спортшы, 2 жаттықтырушы. Мәліметті ұсынған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.