Бүркітшілер ережесіне өзгеріс енді

Кеше Бурабай кентінде бүркітшілердің республикалық семинар-кеңесі өтті. Еліміздегі бүркітшілік өнерді дамытуға күш салып жүрген бірнеше облыстағы мамандар мен халықаралық құсбегілер өкілдері қатысқан бұл семинар-кеңесте бүркітшілер жарысының бұрынғы бекітілген ережесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

         ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш жиынның өзегі Бүркітшілер жарысын өткізу ережесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу болған. Сонда бүркітшілер ережесіне нақты қандай өзгерістер енді? Бұл туралы бізге ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетіне қарасты ұлттық спорт басқармасының саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы  төмендегідей мәліметтерді айтып берді.

«Бүркітшілер жарысын өткізу ережесіне толықтырулар енгізу көптен көтеріліп келе жатқан болатын. Осы мәселе туралы өткен жылы Алматы қаласында да үлкен жиын өткен. Биыл Бурабайда ұйымдастырылған мына семинар-кеңесте сол бұрын айтылып келген көп мәселенің шешімі талқыға түсіп, түйіні қойылғандай болды. Жиынға Әлемдік құсбегілер қауымдастығының Азия елдері бойынша жетекшісі Бақыт Қарнақбаев, Венгрия құсбегілер федерациясының өкілі Шандор Дороги, Алматы қаласындағы «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Шынарбек Батырханов және оннан астам облыстан келген осы сала жаттықтырушылары  қатысты.  Сандаған жыл осы құсбегілік саласында тер төгіп келе жатқан ардагер бүркітшілердің, тәжірибелі мамандардың тарапынан ұсынылған ой-пікірлер ескеріле келе Бүркітшілер ережесіне мынадай өзгерістер енгізу ұйғарылды.

  • Жарыс үстінде құсбегілер бұрын бүркітті қолға шақыруды тек жаяу орындап келген. Бұдан былай бүркітті қолға шақыру тек ат үстінде атқарылады;
  • Бүркітті қолға шақыру бұған дейін 200 метр болса, бұл қашықтық енді 500 метрге ұзартылды;
  • Бүркітті тірі аңға салу бойынша да өзгеріс бар. Бұдан былайғы жарыста бүркітті тек қоян мен түлкіге салады. Бүркітті қасқырға салу туралы бөлім алынып тасталды.
  • Дүниежүзілік құсбегілер өкілдері ұсынысымен бұдан былайғы уақытта жарыс «Бүркітшілер жарысы» емес «Құсбегілер жарысы»  болып аталатын болды.
  • Бүркітті еркін ұшыру сияқты өзге бөлімдерде өзгеріс жоқ.

 

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.