КҮНТІЗБЕЛІК ЖОСПАРДА НЕ БАР?

2018 жылға арналған бұқаралық-спорттық, негізгі республикалық және халықаралық жарыстарынан (көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату және бәйге түрлерінен) күнтізбелік жоспардың бекітілгеніне біршама уақыт өтті. Сонда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тізе қоса отырып бекіткен бұл күнтізбелік жоспарда не бар? Ұлттық спорттың жанкүйерлері алдағы маусымда қандай жарыстардың куәсі болмақ? Өткізілетін күні нақты белгіленбегенімен қай айда қандай бәсекенің ұйымдастырылатыны айтылған осы күнтізбелік жоспарды оқырман назарына ұсынып қоюды жөн көрдік. Жарыстардың өтер күні біздің сайттың жаңалықтарында алдын-ала жарияланып тұрады. Сонымен, жылдық жарыстар жоспары жадыңызда жүрсін…

           Еске салып өтейік, наурыз айының алғашқы күндері Тараз қаласында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату бойынша семинар өтті. Еліміздің барлық өңіріндегі жаттықтырушылар мен төрешілердің білімін арттыру курстары қоса жүргізілген сол жиында жоғарыда аталған спорт түрлері ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ал, жарыстарға келсек, биылғы жылғы Ұлттық спорттың дүрмекті додасын жастар бастайды. Бұйыртса, сәуірдің 2-8 күндері Тараз қаласында жастар арасындағы республикалық турнир ту көтермек. 1996-2000 жылы туған талапты көкпаршылар арасындағы бұл елішілік жарыстың нақты атауы «Атақты көкпаршы Әшімхан Кенжебеков атындағы көкпар спортынан жастар арасындағы Республикалық турнир». Көкпардан ҚР Ұлттық құрама командасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаев пен көкпардан Республикалық жастар командасының бас бапкері Нұрдәулет Момыновтың мәлімдеуінше, қазіргі күні Тараз төрінде осы турнирді өткізуге қызу даярлық жүргізілуде. Алдын-ала айтылған болжамға сүйенсек, турнирге қатысуға Маңғыстау облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы, Алматы облысы, Алматы қаласы және Солтүстік Қазақстан облысының командалары тас-түйін даяр екен.

Көкпардан ІІ Азия чемпионатын биылғы тамызда Түркия мемлекеті ұйымдастырмақ болып келісілген. Мамыр айында екі мәрте және маусым айында ҚР Ұлттық құрама командасының ІІ Азия чемпионатына арналған оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Көкпардан өткізілетін тағы бір халықаралық жарыс Ташкент қаласында ту көтереді деп жоспарланған.

Сондай-ақ, биыл Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арналған ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылатын дүниежүзілік жарыс көкпармен шектелмек емес. Сәтін салса, жаз айларында Елорда төрінде төрт ірі халықаралық жарыс жалауын көтермекші. Ұлттық спорт түрлерінен 2018 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионаты да Астанадағы «Қазанат» атшабарында тамашаланбақ. Маусым айына белгіленген ересектер арасындағы елішілік чемпионат биыл көкпардан XVІІІ рет, аударыспақтан XVІІІ рет, теңге ілуден XІІ рет, жамбы атудан ІV рет өткізіледі.

Ал, Астанада өтетін халықаралық жарыстарды тарата айтар болсақ, шілде айында Жамбы атудан І Әлем чемпионатын тамашалаймыз. Өткен жылы Жамбы атудан Астанада алғаш ұйымдастырылған халықаралық турнирде Малайзияның, Түркияның, Румынияның, Финляндияның, Моңғолияның, Венгрияның, Польшаның және Жапон мергендерінің бақ сынағанына куә болдық. «Қазақтың жамбысы – әлемде жоқ нысана» деп тамсанған сол мергендердің енді Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылатын І Әлем чемпионатын қапы жібермейтіні анық.

Әлемнің сұрмергендері бақ сынаған осы дүрмекті додамен қатар Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты өткізіледі. 2015 жылы ту көтерген І Азия чемпионатында бас жүлдені жарыс жолын 13 секундта шауып өтіп 3 теңге ілген Ғалымжан Ізжанов (ОҚО) иеленген. Екінші орын – ақтөбелік Әлихан Бәшімбаевқа, үшінші орын моңғолиялық Қуатхан Абдолға бұйырған-ды.

Сонымен қатар, Аударыспақтан өткізілетін ІІІ Азия чемпионаты да осы шілде айына жоспарланыпты. Еске сала өтейік, бұған дейін аударыспақтан І Азия чемпионаты 2014 жылы Астана қаласында, ал, ІІ Азия чемпионаты 2016 жылы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялы облысындағы Моңғолкүре елдімекенінде өткен. Азия чемпионаттарының бас жүлдесі екі мәрте қазақ аударыспақшыларының қанжығаларына байланған-ды. Біржан Қосалиев (+90 келі), Сырым Ізбасаров (90 келі), Түймебек Жұмалиев (80 келі), Есімхан Рахметілла (80 келі), Ермек Жәпішев (70 келі), Хамит Мерейхан (60 келі) сынды атан жілік азаматтарымыз бабында болса, ІІІ Азия чемпионатының бас жүлдесін де қолдан бермес деген үміттеміз.

Тамыз айында ат бәйгесінің бірнеше түрінен ҚР Президенті кубогына арналған республикалық турнир Астанадағы «Қазанат» атшабарында тамашаланбақ. Сонымен қатар осы айда Көкшетау қаласында 2002-2000 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионат ұйымдастырылмақ. Ал, 1997-2000 жылы туған жастар арасындағы чемпионат осы айда Солтүстік Қазақстан облысында өткізіледі.

Тұлпар баптаған атбегілеріміз бен қалың жанкүйердің жадында жүрсін, тамыз айының соңы мен қыркүйектің алғашқы онкүндігінде екі ірі аламан бәйге жоспарланған. Бірі – Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арналатын бәйгеден ұзақ қашықтықтағы І Халықаралық ашық турнир. Бұл аламан бәйгенің қанша қашықтықта өткізілетіні әлі нақтыланған жоқ. Қазіргі болжам бойынша бәйгенің 150 шақырым болуы мүмкін екендігі жиі айтылуда.

Екінші бәйге – биыл ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бесінші мәрте өткізгелі отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі. «Алтын тұлпарға» қатысатын жүйріктер биыл да жылдағыдай 51 шақырым қашықтықта бақ сынамақ.

Ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың соңы ҚР қоғам қайраткері Асанбай Асқаровты еске алуға арналған халықаралық турнирмен түйінделмек. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл турнир қараша айында Шымкент қаласында өткізіледі. Биылғы жылы Көкпардан ХІ рет, аударыспақтан ІХ рет, жамбы атудан V рет, теңге ілуден ІV рет өткізілетін бұл халықаралық турнирге бұған дейін Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің командалары тұрақты қатысып келді.

Ұлттық спорттың жанкүйерлері аталмыш күнтізбелік жоспарға енгізілмеген бірнеше ірі халықаралық жарыстарды да тамашалауы мүмкін. Бұл дүбірлі додалар туралы мәліметтерді назарларыңызға алдағы күндерде ұсынбақпыз.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

2 комментария

  1. Жумагуль

    Төлеген аға, қаламыңыз қалмасын. Əрдайым жаңалықтармен қуанта беріңіз.

  2. Жумагуль

    Төлеген аға, қаламыңыз талмасын. Əрдайым жаңалықтармен қуанта беріңіз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.