ӨЗБЕКСТАН КӨКПАРЫ   

Суретте: 1977 жылы Бішкекте өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарына қатысушы Өзбекстан көкпар құрама командасы.

Түркі халықтарына ортақ көкпар ойыны туралы бұған дейін де аз айтылып, аз жазылған жоқ. Әр елдің ұлттық көкпары өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Осы орайда, біз оқырман назарына бүгін өзбек халқының көкпары туралы қолымызда бар мәліметтерді ұсындық. Егер айтылар ой мен ұсыныс болса, жазба соңына  жаза отырыңыздар. 

 

Өзбек халқы  ежелден көкпар тартуды ұлттық ойынға балаған. Өзбекстан тарихшылары жігітті жауынгерлік өнерге баулитын көкпар додасының шығу тарихы қадым замандардан басталады деп жазады.  Бұл елде ұлттық мерекелерде, жастардың үйлену тойы, сәбидің дүниеге келу тойы, мерейтой сынды қуанышты кездерде   көкпар ойынын ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Өзбекстанда көкпар тартысының жиі өткізілетін уақыты – күз бен көктем айларының аралығы.  Көкпарды өзбек халқы «Купкари» немесе «Улак-купкари» деп атайды. «Куп» — қазақша көп, ал, «кари» сөзі шаруа, жұмыс мағынасын береді. Көкпар балуандарын «Чавандоз», кейбір өлкелерде «Полвон» дейді. Көкпарға негізінен серке тартылады.

Көкпар ойыны Өзбекстанның  әр өңірінде әр түрлі тәртіппен ойналған. Серке тасталатын орын «марра» (мәре) деп аталады. Өзбек халқының ұлттық көкпарына тән ерекшелік – «жоғарғы мәре», «төменгі мәре» деп екі мәре белгіленеді. Мәре шеңберінің аумағы шамамен 10-15 метр. Қос мәренің аралық қашықтықтағы бір жарым шақырым. Көкпаршыларға екі бөлек жерден бірінің салмағы ауыр, бірінің салмағы жеңіл екі серке беріледі.  Құрметті қарияның көкпаршылардан екі жүз қадамдай жерге серкені атпен апарып тастап, арнайы белгі берген соң ойын басталады.

Өзбек көкпарында серкені тақымға басудың екі түрлі әдісі қолданылып келген. Бірі – серкені аш белден тақымға басу, екіншісі – серкені алдына өңгеріп алып қашу. Сондай-ақ, қалың додаға ат секіртіп кіру де өзбек көкпаршыларына тән ерекшелік.

Әсіресе, «жоғарғы мәреге» салым салған  көкпаршыларға бағалы сыйлықтар тарту етілген. Дәулеті мол жомарт той иелерінің үздік көкпар балуандарына жабулы түйе, ерттеулі ат, құнды кілем сыйлау үрдісі қазіргі кезге дейін жалғасып келеді.

Өзбекстанның Хорезм сияқты кейбір өңірлерінде көкпар мүлде ұйымдастырылмаса, керісінше, Самарқант, Сурхандария, Ферғана, Әндижан, Жызақ, Ташкент төңірегінде көкпар ойыны өте жиі өткізіледі. Әсіресе, Қазақстанмен, Тәжікстанмен, Ауғанстанмен шекаралас аймақтарда көкпар ойыны өте кең тараған, бірнеше халықаралық жарыстар өткізілген.

Мысал үшін айтып өтсек, Самарқант облысына қарайтын Үрғұт ауданы 2017 жылы «Ургут чавандозлари ва чемпионлари» атты кітапты жарыққа шығарды. Осы кітапта көкпарға қатысты нақты дерек өте мол. 1887 жылы туып, 1958 жылы қайтыс болған өзбектің даңқты көкпаршысы Рахмонберди  Ғойибовтан бастап көптеген ардагер көкпаршылардың өмірбаяны фотосуреттерімен жарияланған. Атақты көкпар аттары мен әйгілі ат бапкерлерінің қалың есімі аталады. Қырыққа жуық махалладан (ауылдар) шыққан үш жүзден астам танымал көкпаршының аты-жөні тізімделіп жазылған. Кітапта Үрғұт ауданындағы үш мың бас жылқының басым бөлігін көкпар атын баптаушылар ұстайтыны айтылады. Міне, аталмыш кітаптағы бір ғана Үрғұт ауданына қатысты осындай көкпар тарихы деректері бүтін өзбек халқы  көкпарының өткені мен бүгінгі даму өрісін пайымдауға негіз боларлық.

 Суретте:2013 жылы Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен І Азия чемпионатында өнер көрсеткен Өзбекстан ұлттық құрама командасы

Кеңес одағы кезеңінде отыз жылдан астам уақыт ұйымдастырылған Бүкілодақтық ат спорты ойындарында командалық көкпар жарысы бойынша  Өзбекстан көкпаршылары бірнеше дүркін КСРО чемпионы атанған. Командалық көкпардың ардагерлері одақ  тұсында ұзақ жыл Өзбекстан республикасының басшысы болған Шараф Рашидовтың көкпарға жасаған қамқорлығын құрметпен еске алады.  Осы  мемлекет қайраткері атындағы республикалық көкпар турнирі бар. Сондай-ақ, командалық көкпардан кезінде КСРО чемпиондары атанған Басым балуан, Құрбанмұрат балуан, Сұлтанхан балуан, Шухрат балуан есімдері өзбек көкпаршыларына кеңінен танымал.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары негізі қаланған  командалық көкпар ойнау үрдісі өзбек көкпаршылары арасында әлі де жалғасын тауып келеді. Соңғы жылдары Өзбекстан көкпар командасы Қазақстанда, Қытайда, Қырғызстанда ұйымдастырылған халықаралық жарыстарға бірнеше мәрте  қатысып,   табысты өнер көрсетті. Өзбек құрама командасында негізінен Ташкент пен Ферғана өңірінің үздік көкпаршылары ойнайды.

Суретте: 2017 жылы  Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен І Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Өзбекстан ұлттық құрама командасы

Өзбекстанның «Улак-купкари» федерациясы басшыларының мәліметінше командалық көкпар жарыстары күнтізбелік жоспармен өткізіледі.  Өзбек көкпар ережесі бойынша бір жылда сегіз рет командалық жарыс өткізу жоспарланған. Оның ішінде бірнеше турнирлер бар. Соның бірі – мемлекет қайраткері Шараф Рашидов атындағы турнир.

Қазіргі кезде командалық көкпар ойындары Ферғана, Әндижан, Номанган уалаяттарында Жызақта және Ташкент қаласында жақсы ұйымдастырыла бастады. Осы өңірлерде бір-бір көкпар командалары бар. «Улак-купкари» федерациясы алдағы уақытта Өзбекстанның әр облысы мен әр шаһарында көкпар командаларын құруға күш салуда.

Суретте:Өзбекстан «Улақ-купкари» федерациясының ұзақ жыл бас жаттықтырушысы болған, Астанада өткен І Азия чемпионаты мен І Әлем   чемпионатына Өзбекстан көкпар құрама командасын бастап келген Рахимжон Ходжиматов пен аударыспақтан Халықаралық жарыстардың бірнеше  дүркін жүлдегері Захиджон Букобаев. 

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиев республкадағы барлық ұлттық ойындарды дамыту, техникалық базаларын қалыптастыру туралы, «Қарабайыр» жылқы тұқымын асылдандыру туралы жаңа қарар-қаулыны жариялады. 2017 жылғы дерек бойынша бұл елдегі жылқы саны 219 мыңға жуық.

Өзбекстан Республикасы 2018 жылы командалық көкпардан халықаралық жарыс ұйымдастыруды жоспарға енгізді. Командалық көкпардан алғаш өткізілетін    бұл ресми халықаралық бәсеке күз айында Ташкент қаласында ту көтермекші.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.