КӨКПАРШЫ ПОЛИЦИЯЛАР

 

 

«Динамо» көкпар командасы облыстық жарыстың жеңімпазы атанды. Полиция қызметкерлерінің көкпар тартуы командалық көкпар тарихындағы елеулі оқиға болғандықтан «ештен кеш жақсы» деген оймен оқырман назарына ұсынуды орынды көрдік. Құқық қорғау саласындағы азаматтардың көкпар ойыны туралы бұл дерек   республикалық «Егемен Қазақстан»  газетінде жарияланған-ды.  

 

           Еске салып өтсек, алғашқы болып көкпарға бет бұрған Павлодар облысының Май ауданының прокуратурасы мен ішкі істер бөлімі еді. Өткен жылы Павлодар облысының Май ауданына қарасты Кеңтүбек ауылында көкпар тартудан аудандық ішкі істер бөлімінің кубогы үшін ауданның ашық біріншілігі өткен. Ал, оның ал­дында аудандық прокуратураның жүлдесі үшін де көкпар жарысы ұйымдастырылды.

Павлодар облысындағы көкпаршы жігіттер негізінен Екібастұздың Ақкөл ауылында, Баянауылда, Май ауданында, Ақсуда тұрады. Облыстық бәсекелерде Екібастұздың «Пырақ», «Самұрық» және Май ауданының «Саты» ко­мандалары жүлделі орындардан жиі көрінеді.

Ал, Қостанай облысының ішкі істер департаменті көкпарға жүлде тігіп, жұртты қызықтырудан гөрі өздерінің де осы ойынға белсене араласқанын жөн көріпті.  Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовтың бастамасымен өткен жылы «Динамо» көкпар командасы құрылған. Ат құлағында ойнайтын полиция қызметкерлерінен құрылған осы «Динамо» командасы  облыстағы «Көкпар» ұлттық ойыны маусымының жабылу турнирінде облыс чемпионы атанды. Ат спортының бұл түрімен айналысқанына көп уақыт болмаса да, облыстың полиция қызметкерлері өздері қатысқан алғашқы жарыстың талассыз жеңімпазы болды.

Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Аймағамбетов Бекет Иманұлының пікірінше, көкпар тартқан жастардың бойына жүректілік, батылдық бітеді, ептілік қалыптасады. Сондай-ақ, ойынның ұжымдық сипаты тәртіп сақшыларына күнделікті қызметте де өте қажет көрінеді.

Міне, Қостанай ауданындағы «Арғымақ» ипподромында өткен көкпар бәсекесінде полицияның жүректі қызметкерлерінен құрылған «Динамо» көкпар командасы осылайша елге танылды.  Рас, бұл турнирде облыстағы Сарыкөл, Таран аудандарының құрамалары мен «Динамо» командасы ғана күш сынасты. Бірақ, үш команда арасындағы тартысты ойында «Динамо» командасы ойыншыларының көкпар әдіс-тәсілдерін жақсы меңгергені айқын аңғарылып тұрған. Жеңімпаз команданың капитаны, учаскелік инспектор Бақдаулет Асанов (суретте) қазылар алқасының шешімімен үздік ойыншы атанды.

Қазіргі кезде атты полиция бөлімдері еліміздің барлық өңірінде бар. Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдастырумен құрылған «Динамо» көкпар командасы басқа облыстарға да үлгі болса дейміз. Соңғы жылдарда еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы көкпар жарысын өткізу жолға қойыла бастады.  Сол сияқты, алдағы уақытта бірнеше облыста «Динамо» сияқты полиция көкпар командалары құрылып, полиция қызметкерлері өзара көкпар бәсекелерін ұйымдастырып жатса, ұлттық спортымыздың жандана түсуіне үлкен серпін болмас па еді…

  Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.