АУҒАНСТАН КӨКПАРЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен І Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Ауғанстан ұлттық құрама командасы

Ауғанстан елінде көкпар ойыны «бузкаши», кей өңірлерде «бузавиш» деп аталады. Бұл ойынның кең тараған өлкесі Ауғанстан астанасы Кабулдың төңірегі және Өзбекстанмен шегаралас Мазари-Шариф аймағы. Кабул қаласының іргесінде 18 провинция көкпаршыларының қатысуымен ұйымдастырылатын ірі көкпар додасының бейнежазбалары әлеуметтік желіде кең тараған. Бұл бәсекелерде көкпаршылар төрт сирағы бүтін, басы кесілген серке тартады.

Деректі жазбаларда алдыңғы екі сирағын ертоқым үстінен асырып, серкені тақымға төстен басу осы ауғанстан көкпаршыларына тән ерекшелік деп айтылады. Сондай-ақ, қазақ көкпаршыларының ертоқымымен салыстырғанда ауғанстандық көкпаршылар ертоқымының артқы қасы біршама биік болып келеді.

Суретте: Ауғанстан көкпаршыларының артқы қасы биік жасалатын ұлттық ертоқымы осы

Қазан айларынан басталып, сәуір айында аяқталатын Мазари-Шариф аймағының дода көкпарында салымға серке емес, тана тарту үрдісі қалыптасқан. Тұрғын халқының саны жеті жүз мыңнан асатын Мазари-Шариф өңірінде негізінен тәжік, өзбек, түркімен ұлтының өкілдері мол шоғырланған. Сондықтан, бұл өлке «чавандоздары» ұлттық көкпарда тана тартуға әуес. Ауғанстанның жергілікті ұлты саналатын пуштундарға қарағанда көкпарды ұйымдастырып, додаға қатысуға да осы тәжік, өзбек, түркімен ұлтының азаматтары құмар келеді. Ең ірі көкпар додасы наурыз айында ұйымдастырылады. Ойынға қатысушылар санына шектеу қойылмайды.

Мазари-Шариф өңіріндегі ұлттық көкпар ойынының ерекшелігі – диаметрі шамамен 5-7 метрлік бір шеңбер белгіленеді. Алдыңғы сирақтары мен басы кесіліп, ішек-қарны алынып тасталған тана осы шеңберге  тасталады. Шеңберден 200-250 метр қашықтыққа ту тігіледі. Ұйымдастырушылар сайлаған бір төреші ойынға басшылық жасайды. Тананы шеңберден тақымға басып, жеке шауып шыққан көкпаршы сол ту бекітілген бағананы бір айналып келіп, тананы шеңберге қайта тастаса бір салым салған болып есептеледі.  Көкпаршылар ортасындағы төрешінің келісімімен салым салған әр көкпаршыға бағалы сыйлық беріледі.

Суретте: Салым салған көкпаршының сыйлық алу сәті. Мазари-шариф қаласының іргесіндегі «бузкаши» додасынан көріністер.

Мазари-Шариф қаласының өзінде және сол төңіректегі елді мекендерде осы ұлттық көкпар ойынын өткізуге арналған арнайы алаңдар бар. Төрт жағы да биік тас дуалдармен қоршалатын бұл алаң көлемінің ұзындығы шамамен 350 метр, ені 150 метр. Көрермендер көкпарды осы дуал сыртындағы қауіпсіз жерде отырып тамашалайды.

Орайы келгенде, Ауғанстан көкпарын дамыту, жасарды көкпар ойынына қызықтыру  мақсатында түсірілген «Көкпаршы балалар» фильмі туралы айтып өткен орынды. Кезінде «Оскар» сыйлығын жеңіп алған бұл фильмде Кабул қаласында тұратын екі кедей баланың өмірі баяндалады. Олар қайыршылықтан құтылу үшін көкпарға қатысады. Қос жасөспірім ересек көкпаршылар арасындағы додаға қаймықпай  кіріп, серкені бәсекелестерінің қолынан тартып алуға тырысады. «Көкпаршы балалар» фильмі – екі жыл бойы толығымен Кабулда түсірілген,  «Afghan Film Project»  өндірістік компаниясы шығарған тұңғыш фильм. «Оскар» жүлдесін иеленуімен шетелде танылған бұл фильм талибандар режимінен кейін қирап қалып, енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан жергілікті киноиндустриясына  тың серпіліс әкелген.

Ауғанстанда командалық көкпар ойыны да көп жылдардан бері даму үстінде. Жергілікті командалық бәсекелерде ауғанстандық көкпаршылар қызыл, жасыл, қара, көк түсті ұлттық шапанмен ойнауды үрдіске айналдырған.

Суретте: 2017 жылғы І Әлем чемпионатындағы Ауғанстан көкпаршыларының ойыны.

Ауғанстан ұлттық құрама командасы 2017 жылы Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында көкпардан өткен І Әлем чемпионатына қатысты. Ауғанстан Ұлттық спорт федерациясының басшысы Муради Абдулхамид пен    федерацияның бас жаттықтырушысы Тандоган  Сайфуддин бастап келген ауғанстандық көкпаршылар  дүниежүзілік көкпар бәсекесінде бірнеше қарсылас командаларды айқын басымдылықпен ұтты.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.