ҚЫРҒЫЗСТАН КӨКПАРЫ

Суретте: 1977 жылы Бішкекте өткен Бүкілодақтық ат спорты ойындарына қатысушы Қырғызстанның көкпар командасы.   

Көкпар ойынын «Лақ тартыш», «Кок бору» деп атайтын қырғыз елі ерте заманнан той-думан, мерекелерде көкпар тартуды дәстүрге айналдырған халық. Қырғызстанның әр өлкесінде ұлттық көкпар ойынының өзіндік ерекшеліктері мол. Бір аймақтағы қырғыздар көкпарға тана тартуды әдет қылса, енді бір өңірде серкені топ-топқа бөлініп тарту үрдісі кең тараған.

Қырғызстанның Ош облысы, Жалалабад облысы, Баткен облысы көкпаршылары ұлттық көкпар ойынында «тана тартуға» әдеттенген. Негізінен, көкпар тартуға арнап бірнеше айлық бұзауды бауыздайды. Бұзаудың басы мен төрт сирағы кесіп алынады және ішек-құрылысынан тазаланып, қарыны тілінген жерді қайыра тігіп қояды. Мұндай «тананың» салмағы аса ауыр болмайды.

Бұл көкпар түрі ел арасында «аламан улак» деп те аталады. «Аламан улак» көкпарда мәре белгіленбейді. Қатысушылар санына шектеу қойылмайды. Сондықтан мұндай көкпар додасына бірнеше жүздеген атты адамдар қатыса береді. Негізінен, көкпарға қатысушылар да, көкпар қызығын тамашалаушылар да атпен жүретіндіктен «аламан улак» көкпарда адам саны өте қалың болады. Дәулетті қырғыз кәсіпкерлері ұйымдастырған көкпар ойындарында салым бәйгесіне автокөлік, жылқы, түйе тігіп, ұлттық көкпардың беделін көтеруге күш салады.

Тана көкпарды жерден көтеріп алған балуан оны өңгеріп алып, бірнеше қадам жерге дейін қарсыластарына бермей жүре алса жеңімпаз саналады. Көкпар төрешісі сол сәтте «салым салынды» деп жариялап, той иелері көкпаршының сыйлығын береді. Ал, «тананы» серке сияқты тақымына басып, құйғыта шапқан көкпаршыны қырғыз халқы «нағыз балуан көкпаршы» деп қатты құрметтейді. Сондай-ақ, қадірлі мейманның, сыйлы көкпаршы қарияның алдына тананы өңгеріп беріп, «салым салды» деп мәртебесін көтеру де Жалалабад, Ош, Баткен өңірі көкпаршылары қалыптастырған ерекше дәстүр. Бұл – «таудың арғы беті» деп аталатын, Өзбекстанмен шегараласатын өлкедегі  қырғыздардың ұлттық көкпарындағы ойын ерекшелігі. Бұл ел көкпарының сыртқы көрінісі қазақтың «жаппай көкпарына» біршама ұқсас. Кезінде қырғыздың тана көкпарына қатысып, салым салған атақты қазақ көкпаршыларының қатары аз емес.

Халықтың ауызекі тілінде  Нарын, Талас, Чүй, Ыстықкөл облыстары мен Бішкек қаласы «таудың бергі беті» деп айтылады. Бұл өңірдің көкпаршылары ұлттық көкпарда тек қана серке тартады. Осы өлкеде топ-топқа бөлініп, санаулы көкпаршылардың бәсекеге түсуі белең алған. Қырғыз ұлттық көкпарына тән тағы бір ерекшелік осы.

Командалық көкпарға қатты ұқсайтын бұл ұлттық ойынның өзін Бішкек, Чүй, Ыстыққөл өңірінің көкпаршылары өзгеше тәсілмен, ал, Талас өлкесі көкпаршылары өзгеше тәсілмен ойнайды. Бұл өңірлер көкпарының көп уақыттан бері қалыптасқан  өзіндік ойнау ерекшеліктері бар. Мысалы, Талас облысының ұлттық көкпарында аралығы 200-300 метр қашықтықта орналасқан екі шеңбер белгіленеді. Ойыншылар тоғыз-тоғыздан екі топқа бөлінеді. Қарсыластары айқын болуы үшін екі топ көкпаршылары ақ, қызыл түсті екі бөлек   киім киеді. Ортаға тасталған серкеге ойыншылардың барлығы бір сәтте таласады. Сондықтан мұндай ойында дода тартыс ұзаққа созылады. Додадан серкені суырып алып шыққан ойыншы оны өз шеңберіне алып келіп тастап, сол салымның жеңімпазы атанады.  Талас өңірі көкпаршыларының ойыны бәсекеге тоғыз-тоғыз ойыншыдан қатысуымен және  өз шеңберіне салым салумен ерекшеленеді. Қазақ халқы арасында қалыптасқан ежелгі көкпар ойынына ұқсатып,  осы ойынды жергілікті қырғыз халқы «қырық жігіт ойыны» деп атайды.

Ал, Ыстықкөл, Чүй, Бішкек өлкесіндегі ұлттық көкпарда қатысушылар саны аз. Көкпар ұйымдастырушыларының хабарлауымен ойынға әр топтан екіден, үштен немесе  төрт ойыншыдан ғана қатысады. Топтың ойыншылары қызыл, ақ  түсті киім киіп, ерекшеленіп тұрады. Әр топтың өз шеңбері бар. 1-2 метрлік диаметрмен екі шеңбер сызылады. Қатар тұрған қос шеңбердің арақашықтығы 30-40 метр. Ойын басталарда әр топ өз шеңберінің  тұсында топтасады.

Басы мен сирақтары кесілген, салмағы 30-35 келі тартатын серкені ұйымдастырушылар тағайындаған адам шеңберден 250-300  метр қашықтыққа апарып тастап, ойынның басталу ишарасын жасайды. Сол сәтте екі топ ойыншылары серкеге қарай жарыса шабады. Серкені жерден тез іліп алып, өз шеңберіне әкеліп дәл тастаған топ жеңімпаз деп танылып, сыйлыққа ие болады.

Ұлттық көкпар ойынын да командалық көкпарға ұқсас ойнайтын Қырғызстанда командалық көкпар бәсекесі  жақсы дамыған. Кеңес одағы кезінде жиі ұйымдастырылған Бүкілодақтық ат спорты ойындарына қырғыз көкпаршылары әлденеше жыл қатысып, бірнеше дүркін КСРО чемпионатының жүлдегері атанды. Жазба деректерде Бүкілодақтық ат спорты ойындары Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында екі рет өткізілгені айтылады. Бүкілодақтық ат спорты ойындары Бішкекте бірінші рет 1977 жылы ұйымдастырылған.

 

Қырғызстанда 2000 жылы «Көкбөрі»  халықаралық федерациясы құрылып, командалық көкпарды әлемге танытудың алғашқы қадамдары жасала бастады. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сынды мемлекеттердің көкпар федерациялары осы халықаралық федерацияның мүшесі атанды. Қырғызстан үкіметі мен көкпарға жанашыр азаматтарының ұйымдастыруымен Ыстықкөл өлкесінде 2014 жылы және 2016 жылы Дүниежүзілік  көшпелілер ойындары ұйымдастырылды.

Қырғызстанның көкпардан ұлттық құрама командасы бірнеше рет халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. 2013 жылы Астанада өткен І Азия чемпионатында және 2017 жылы өткен І Әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді. 2016 жылы Қытайдың Іле-Қазақ автономиялы облысында ұйымдастырылған халықаралық көкпар турнирінде  Қырғызстан командасы ақтық сында Қазақстан ұлттық командасымен ойнап, екінші орынға табан тіреді.

Қырғызстандағы командалық ойын ерекшелігі – салым салынатын шеңбер орнына алаңның екі шетіне биік «қазандық» орнатады. «Қазандық» биіктігі 1,5 метр, диаметрі – 3 метр. Серкені қарсылас команданың «қазандығына» тастайды. «Қазандыққа» ойнау барысында спортшылардың қатты жарақаттану, аттардың мертігу қауіптілігі өте жиі болады.

Қазіргі кезде бұл елден басқа мемлекеттерде серке «қазандыққа» емес, шеңберге тасталады. Қазақстанда командалық көкпарды «қазандық» жасап ойнау 2016 жылы тоқтатылды. Сол жылы халықаралық көкпар ережесіне де өзгеріс енгізіліп, 2017 жылы ұйымдастырылған көкпардан І Әлем чемпионатында жасанды серке (муляж) шеңберге тасталып ойналды.

Суретте: 2013 жылы Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен І Азия чемпионатында 2 орынды иеленген Қырғызстан ұлттық құрама командасы

 

Суретте: 2017 жылы  Астанада тұңғыш рет көкпардан өткен І Әлем чемпионатында 2 орынды иеленген Қырғызстан ұлттық құрама командасы.

Қырғызстанда көп жылдардан бері Қырғызстан республикасының чемпионаты, Президент атындағы кубок, Наурыз мерекесі, 9 мамырдағы Жеңіс күні мерекесіне орай көкпардан командалық ойындар өткізу жолға қойылған. Республика бойынша жиырмаға жуық көкпар командалары бар.

2018 жылы Бішкек қаласында Наурыз мерекесінде өткен республикалық көкпар бәсекесінде 16 команда бақ сынады. Үздік командалары – «Ынтымақ», «Достық», «Биримдик», «Борулу».

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.