ТӘЖІКСТАН КӨКПАРЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада көкпардан тұңғыш рет өткен І Әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген Тәжікстан ұлттық құрама командасы

      Тәжік халқына тән ұлттық көкпардың сырт елдерге беймәлім тұстары мол. Тәжік көкпары – далалық көкпар. Қазақ еліндегі «жаппай көкпарға» біршама ұқсас. Көкпар балуандарын тәжік халқы «чапандоз» деп атайды. Тәжік көкпарының ерекшелігі – тәжік көкпаршылары серкенің артқы сирақтарын кеспейді, тіпті, кей аймақтарда серкенің төрт сирағын да бүтін қалдырып көкпар тартады. Бұл өте көп «чапандоздар» қатысатын, күні бойы тоқтаусыз тартысатын жабайы көкпар.    Серкені тақымға артқы бір сирақтан басу – тәжік көкпаршылары арасында ғана кездесетін әдіс. Сондай-ақ, серкені тақымына берік бекіту үшін артқы сирақтың тірсек тұсын тіліп, қамшының сабын өткізіп алып ұстау да осы ел көкпаршылары арасында сирек те болса кездеседі.

Жер табиғатына орай тәжік еліндегі бұрынғы көкпардың дені тау үстінде өткен. Құлама жартас, тік жар, терең шыңырау, өзен жарқабағын ернеулеп, қаймықпай шабатын тәжік көкпарына шекара ашық жылдарда қазақтың әйгілі көкпаршылары да жиі қатысқан.  Мәреге үлкен бір тасты белгілейді. Серкені сол тастың жанына жеткізген көкпаршы салым сыйлығын алады. Кейде көкпарды тастың үстіне қою талабы да болған.

Тәжікстанда  бұзау, тана тартатын көкпар ойыны бар. Бұл да қауіп-қатері өте көп ойын. Тана көкпарда ат та, адамдар да жиі мертігіп жатады. Салмағы кемінде жүз келі немесе жүз жиырма келі тартатын тананы қалың көкпаршының арасынан суырып алып кету үшін «чапандоздардың» күші мен айласы, тәжірибесі аса мол және мінген аты өте мықты болуға тиіс. Кезінде осындай салмағы аса ауыр тана көкпарды жатқан орнынан бірнеше қадамға сүйреп тартқан көкпаршыға салым сыйлығы берілетін болған.

Расында, бұл көкпар барысындағы бәсеке қызығын былайғы жұрттың тамашалап көру аса күрделі. Әрі бұл ойындарды теледидарға ұсыну да өте қиын. Бірақ, халықтың өзіне тән ұлттық ойыны болған соң қазіргі кезде де тәжік көкпары үзілмей жалғасып жатыр. Көкпарды ұйымдастырушылар сайлаған төреші ойын ережесінің өрескел бұзылмауын қадағалап, салым салған көкпаршыларды қазылар алқасына дәлелдеп беруге міндеттенеді.

Жиі ұйымдастырылатын ұлттық көкпар додасының маусымы қараша айынан басталып сәуір айына дейін жалғасады. Ауа-райының қатты ыстық болуына байланысты бұл елде жаз айларында көкпар тартылмайды.

Тәжік көкпарының кең тараған түрі «жоғарғы мәре» және «төменгі мәре» белгілеп, осы екі мәре арасында көкпар тарту. Жоғарғы мәреге тек мықты «чапандоздар» ғана салым салады. Атақты көкпаршылар ешқашан «төменгі мәреге» қарай шаппайды. «Төменгі мәрені» көбінесе орта балуандар мен көкпарды жаңа тартып жүрген жастар жағалайды. Екі мәренің арақашықтығы екі жүз, үш жүз метрдей болады. Екі мәре басында салым салыну тәртібін қадағалайтын, жеңімпаз көкпаршыларды айқындайтын екі төреші жүреді.

«Төменгі мәре» диаметрі 5-6 метр шеңбермен белгіленсе, «жоғарғы мәре» құм төгілген қос төбешікпен белгіленеді.  «Жоғарғы мәреге» салым салған балуан сол төбешіктердің ортасынан жалғыз шауып өткен соң ғана серкені жерге тастайды. Егер екі немесе үш көкпаршы  «жоғарғы мәреге» дейін таласып келіп, серкені мәреге қатарласа жүріп тастаса, салым есепке алынбайды. Балуанның серкені жеке-дара тастауы айқын болуға тиіс. Көкпаршылар арасында «жоғарғы мәреге» жеке шауып келіп салым салу  «қол үзіп салым салу» деп аталады.

«Жоғарғы мәре» мен «төменгі мәре» салымдарына тігілген сыйлықтарды ұйымдастырушылар рет-ретімен хабарлап отырады. Ойын екі мәре арасында кезегімен жүргізіледі. Мысалы, салым жоғарғы мәреге салынса, хабарлаушы серке енді төменгі мәреге қарай тартылатынын ескертіп, сыйлықтың құнын айтады. Мұндайда орта балуандар мен жастардың серкеге таласуы құм төбешіктер тұсынан басталады. Әйгілі балуандар бұл додаға қатыспай, төменгі мәреге қарай ат аяңдатып кете береді. Себебі, тек жоғарғы мәреге салым салатын білекті, күшті көкпаршылардың додасы төменгі мәре шеңберінің ішінен басталады. Әдетте, жоғарғы мәре салымына берілетін сыйлық құны қымбаттау, ал, төменгі мәре салымына берілетін сыйлық құны біршама арзандау болады.

Бұл ойынды тәжіктер – «Буз-каши» деп атайды. «Буз» — ешкі деген сөз. Ал, «каши» — қазақша қашу, алып қашу деген мағынаны білдіреді. Сонда «бузкашидің» бір мағынасы – ешкі алып қашу. Сонымен қатар, көне тарихи деректерде бұл сөздің түп-төркіні жаугершілік заманда пайда болғаны айтылады. Соғыс барысында жауынгерлердің дұшпан қоршауын бұзып шығу, қоршауды бұзып қашу сөзінен қазіргі «бузкаши» сөзі қалыптасқан деген де тұжырым бар.

Кеңес одағы тұсындағы Бүкілодақтық ат спорты ойындарында Тәжікстан көкпаршылар бірнеше жыл жақсы өнер көрсеткен. Кейбір деректерде Тәжістан көкпар командасының 1980 жылдарға дейінгі кезеңде көкпардан КСРО-ның бірнеше дүркін  чемпион болғаны айтылады. Сол тұста КСРО чемпионатының көп дүркін жеңімпазы атанған, Тәжікстан көкпар командасының жетекшісі болған Убайдулла балуан Қараевтың есімі құрметпен аталады.    Сондықтан, бұл елдің көкпаршыларына командалық көкпар ойнау ертеден етене таныс.

Қазіргі кезде Тәжікстан мемлекеті команда-командаға бөлініп, белгілі бір ережемен ойнайтын спорттық көкпарды дамытуға жақсы көңіл бөлуде. Тәжікстандағы «Бузкаши» федерациясының вице-президенті Махмад Хакимов, Тәжікстан ат спортының бас дәрігері Иброим Шодмонов, Тәжікстан көкпар құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы Хуршет Машрапов, командалық көкпар ойынының үздігі Форход Холов    сынды азаматтар түркі халықтарына ортақ көкпар ойынының халықаралық деңгейге көтерілуіне көп жылдар бойы өлшеусіз үлес қосуда. Командалық көкпардың халықаралық бәсекелерінде Қазақстан мен Қырғызстаннан кейінгі жүлделі орынды Тәжікстан көкпаршылары иеленіп келеді.

2013 жылы Астана қаласында көкпардан өткен І ашық Азия чемпионатында тәжік көкпаршылары қола жүлдеге қол жеткізді. І ашық Азия чемпионатында үшінші орынды иеленуі –Тәжікстан ұлттық көкпар құрама командасының халықаралық жарыстағы алғашқы үлкен жетістігі саналады.

Суретте: 2013 жылы Астанада көкпардан тұңғыш рет өткен І Азия чемпионатында қола жүлдені иеленген Тәжікстан ұлттық құрама командасы

Тәжік командалық көкпарының тізгінін ұстаған мамандар берген дерек бойынша  2017 жылы сәуір айында Душанбе қаласында ұйымдастырылған Тәжікстанның республикалық чемпионатында жиырмадан астам команда арасынан іріктеліп шыққан он көкпар командасы  бақ сынаған.  Осы елішілік жарыста үздік деп танылған көкпаршылардан Тәжікстанның ұлттық құрама командасы жасақталып, 2017 жылдың тамыз айында Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында өткен І Әлем чемпионатына қатысты. 11 мемлекет көкпаршылары бақ сынаған сол дүниежүзілік жарыста Тәжікстанның ұлттық құрама командасы І Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

2014 жылы Тәжікстан Ұлттық спорт саласы басшыларының арнайы шақыртуымен Қазақстан командалық көкпар мамандары мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері Душанбе қаласында болып, тәжік ұлттық көкпарының ірі додасын тамашалап қайтты. Тәжікстан Республикасының Президенті қатысқан бұл «Бузкаши» бәсекесінде жеңімпаз көкпаршыларға өте құнды сыйлықтар тарту етілген.

2017 жылдың қаңтар айында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына Тәжікстандағы «Бузкаши» федерациясының басшылары арнайы іссапармен келді. Мақсаттары – тәжік командалық көкпаршылары  мен жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру үшін Қазақстанның тәжірибелі көкпар бапкерлері мен  спортшыларын Тәжікстанға шақырту. Көршілес туысқан елдің бұл ұсынысы қарсылықсыз қабылданды. Сондықтан, егер арнайы шақырту болса, Тәжікстан ұлттық командасының шеберлігін жетілдіріп беру үшін қазақ көкпар мамандары бауырлас елге баруға қай кезде де тас-түйін даяр.

«Рудаки» көкпар командасы Тәжікстандағы елішілік жарыстардың көп дүркін жеңімпазы атанған команда. Бұл елде «Рудакиден» басқа  «Гисар»,  «Душанбе», «Хатлон» сияқты бірнеше үздік көкпар командаларының аты Тәжікстандағы ұлттық спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс.

 

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.