ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗІРГІ ДОДА КӨКПАРЫ

Қазақстанның көп өңірлерінде командалық көкпармен қатар «дода көкпар» ойыны кең таралған. Әсіресе, «дода көкпар» еліміздің оңтүстік өңірлерінде өте жиі ұйымдастырылады. Бұл ойын түрі әр өлкеде жеке адамдардың, ұжым басшыларының, кәсіпкерлердің демеушілігімен түрлі мерекелерге, қуанышты жағдайларға орай өткізіледі.  Дода көкпар ауызекі тілде «жаппай көкпар», «бата көкпар», «той көкпар» деп, ұйымдастырылу себебіне қарай әр түрлі аталады.

«Өлмес көкпар» аталатын түрі  ауылды жерлерде өтеді. «Өлмес көкпарды» өткізудегі мақсат – үлкен көкпардың ұйымдастырылуы сиреп кеткен кездері осы ойын түрінің жандануына себеп болу. Сондай-ақ, балалар арасындағы «тай көкпар», «есек көкпар» ойындары да еліміздің  оңтүстік өңірінде ертеден жалғасын тауып келеді.

Қазіргі кездегі қазақ халқының дода көкпары – арнайы бекітілген ережесі жоқ ойын түрі. Алайда, ойын барысында шектен шыққан қатыгездіктің, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың, көкпаршылардың бірін-бірі қамшымен ұратын, серкені ердің қасына байлап тартатын келеңсіздіктерге жол берілмейді. Көкпарды ұйымдастырушылар қатысушыларға ойын тәртібін алдын-ала хабарлайды. Тәжірибелі адамдардан төреші сайлайды. Дода көкпардың ойын тәртібін, салымдардың  дұрыстығын, ойынның әділдігін осы төрешілер қадағалайды. Кейбір өңірлерде төрешіні «ақалақшы» деп те атайды.

Дода көкпарға жүз адамнан бастап, бірнеше мың адамға дейін қатыса береді. Бұл ойында адамның жарқаттануы, аттардың мертігуі өте жиі кездеседі. Мыңнан астам көкпаршы қатысқан, екі-үш күнге созылатын көкпар тойлары қазақ даласында бұрын да жиі өткен,  осы күні де тоқтаусыз ұйымдастырылумен келеді. Мысалы, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш өлкесінде өткен ең ірі көкпарға он мыңнан астам көкпаршы қатысқан. Әдетте, мұндай көкпар тойларының әр салымына жеңіл автокөлік, жылқы, түйе, қара мал, құнды заттар мен қомақты қаржы тігіледі. Той хабарлаушысы көкпаршыларға әр салымнан кейінгі келесі салымның құнын алдын-ала жариялап отырады.

Қазақ көкпарында «Өгіз өлді» деген ерекше салым түрі бар. Бұл дода көкпардың аяқталуының белгісі, яғни, соңғы салым. «Өгіз өлді» салымының сыйлығы да аса жоғары болады.  Сондықтан, дода көкпардың соңғы салымы көбінесе өте шиеленісті жағдайда өтеді.  Ойынның «өгіз өлді» салымын салған көкпаршы, сол ойынның жеңімпазы ретінде танылып, жанкүйер арасындағы мәртебесі көтеріле түседі.

Осы күнгі дода көкпардың көп өңірде қалыптасқан ойналу тәртібі – екі жерге диаметрі 2-3 метр болатын шеңбер белгіленеді. Шеңберлер арақашықтығы  300-400 метр шамасында болады. Кейде жалғыз шеңбермен де ойналады. Салмағы 50-60 келі тартатын серкені жерден іліп алып, шеңберге тастаған көкпаршыға салым сыйлығы беріледі.

Көкпаршылар арасында бұл ойын «мәре көкпар», кейде «қума көкпар» деп те аталады. Қатысушылар саны көп болса салым өте сирек салынады. Негізінде, тәуліктегі бір ойында  30-35 салымның салынуы жиі кездеседі. Жүлде қорының көлемі 1 миллион теңгеден басталып, 10-15 миллион теңге төңірегінде болады.   Дода көкпарда мінген аты мықты, жастайынан көкпар шауып үйренген, дене бітімі мығым, күші мол көкпаршылар жеңімпаз атанады. Серкенің басын төмен қаратып, тақымға аш белден басу қазақ көкпаршыларына тән ерекшелік.

Серке тартысуда «сілкіп тарту», «жұлқып тарту», «іркіп тарту», «аударып тарту» сияқты көптеген әдістері қолданылады. Додадан серкені жеке алып шыққан көкпаршыны мәреге жібермей тосқауылдайтын жігіттер «қаққыштар» деген атауға ие. Қаққыштар негізінен ұшқыр, бойы биік аттар мініп, серке ілген көкпаршының атына қарсы ат омыраулатып, оны кідіртуге немесе басқа бағытқа бұрып жіберуге күш салады.

Қазақ дода көкпарының көне бір түрі «қырық жігіт» деп аталады. Бұл көкпаршылардың ерте кезде серкені қырық-қырықтан екі топқа бөлініп   тартуы. Көрерменді қызықтыру мақсатында қазіргі кезде той ұйымдастырушылары осы «қырық жігіт» көкпарын да жандандырып тұрады. Осы күнгі «қырық жігіт» ойынында екі өңір көкпаршылары өз арасынан жеті-жетіден мықты жігітті додаға шығарып,  той көрігін қыздырады. Топтасып тартқан мұндай дода салымының сыйлығы көкпарға қатысушылардың өзара келісімімен бөлінеді.

Дода көкпар мен командалық көкпар ойындарының арасында айырмашылық өте көп. Екі ойын түріне аттар да, адамдар да әртүрлі дайындықпен қатысады. Сондықтан,  командалық көкпарға машықтанған ойыншылар мен аттардың дода көкпарда топ жаруы өте сирек. Сонымен қатар, дода көкпардың мықты жеңімпаздары мен даңқты аттары командалық көкпар бәсекесінде үйлесімді ойын өрнегін көрсете алмайды.

Төлеген Жәкітай

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.