ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КӨКПАР КОМАНДАСЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада тұңғыш рет өткен І Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Қытай Халық Республикасының көкпар командасы

Қытай Халық Республикасында көкпар ойынына ұқсас ойындарды көптеген ұлт өкілдері ойнайды. Бұл елдің кейбір өңірлерінде түйемен көкпар тартатын, сиыр тұқымдас якпен көкпар тартатын халықтар бар.   Ал, кәдімгі далалық көкпар мен командалық көкпар тартудың өрісін кеңейткендер Қытай елінде тұратын қазақ ұлтының азаматтары. Қытай Халық Республикасын мекендейтін қазақ халқының саны екі миллионға жуық. Сондай-ақ, Қытай жерінде тұратын қырғыз халқы да той-думан, мерекеде көкпар тарту үрдісін жалғастырып келеді.

Қытайдағы қазақтар арасындағы далалық көкпар тарту ойыны – түрлі  той, мерекелерде байге, балуан күрес, қызқуар сияқты ойындар аяқталған соң, ең соңынан ұйымдастырылатын ойын түрі. Бұл ойын басталар кезде көкпаршылар екі топқа бөлініп,  екі жақтың мықты азаматтары кезекпен ортаға шығып, лақты жекпе-жек тартып сайысады. Ежелден қалыптасқан ереже бойынша жекпе-жекте қарсыластың киіміне, атының жүген-ноқтасына қол тигізуіне немесе қамшымен ұру, тебу сияқты өрескел қимылдарға тыйым салынады. Екі көкпаршы қатарласып шауып серке тартпайды. Әдетте қарама-қарсы келіп, серкені қайшыласып ұстасып, қолмен тартысуына немесе екеуінің де серкені тақымға салып тартуына рұқсат. Осылайша екі топтың өте мықты азаматтарының барлығы  сайысқа түседі. Ең соңғы жекпе-жекте серкені қарсыласынан  жұлып алған жігіт топтан шауып шығып, өзі қалаған жаққа қарай алып қашады. Ал, басқа көкпаршылардың оны артынан қуып жетіп, серкені тартып алып кете беруіне болады. Кімнің аты озса, сол адамға күш көрсетпей беруге қақылы. Серкені алып қашқан адамның алдынан көлденең шабуға, атпен соқтыруға тыйым салынады. Серкені топтан жеке алып шыққан жігіт оны қай ауылға, қайсы үйге апаруы өз еркінде. Апарған жерінен жол алып кете беруіне немесе ойын кәдесін талап етуіне болады.

Қытай мемлекеті барлық ұлттың дәстүріне үлкен құрметпен қарайды. Әр төрт жыл сайын республика көлемінде ұлттық спорттан мемлекеттік дәрежеде чемпионаттар өткізіліп тұрады. Қазақтар көп мекен еткен Шиыңжиаңда екі жылда бір рет әр ұлттың ұлттық спорт ойындары тамашаланады. Ал, әр аймақ бойынша бір жылда бір рет немесе бірнеше мәрте өтіп жатқан жарыстар өте көп. Мысалы, Іле-Қазақ автономиялы облысында бір жылда бір рет көкпар, қазақ күресі, теңге ілу, аударыспақ, бәйге түрлері бойынша үлкен жарыстар тұрақты өтеді. 2014-2015 жылдары Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдердің командалар қатысқан халықаралық командалық көкпаршылар сайысы өтті. 2016 жылы Іле-Қазақ автономиялы облысында аударыспақтан ІІ Азия чемпионаты ұйымдастырылды.

2013 жылы Қытай көкпар құрама командасы Қазақстанда өткен екі ірі халықаралық жарыста бақ сынады. Алғашқы рет ақпан айында Шымкент қаласында А.Асқаров атындағы халықаралық турнирге қатысқан Қытайдың «Құлжа» атты көкпар командасы жетінші орынды иеленді. «Құлжа» командасының жетекшісі Сәкен Орман, жаттықтырушысы Жұмай Тұрсын болды. Қытай көкпар командасы екінші рет қыркүйек айында Қазақстанның бас қаласы Астанада ұйымдастырылған І ашық Азия чемпионатына қатысты. Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ автономиялы облысынан іріктеліп шыққан команда чемпионаттағы ойындарда Түркия командасын 9:0 есебімен, Өзбекстан командасын  6:4 есебімен ұтты. Бірақ, өзге қарсыластарынан ұпай санымен ұтылып, Азия чемпионатына қатысқан 8 команда арасынан төртінші орынды иеленді.

2014 жылы Қытайдағы Іле-Қазақ автономиялы облысының құрылғанына 60 жыл толуына байланысты халықаралық көкпар жарысы ұйымдастырылды. Жарыс Қытайдың Моңғолкүре ауданына қарасты Қарағанты жайлауында өтті. Достық кездесуге Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және жергілікті Қытай қазақтарының көкпаршылары қатысты. Үш күнге жалғасқан көкпарды тамашалауға 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Финалдық бәсекеде Қытай командасы қазақ көкпаршыларынан ғана ұтылып, екінші орынды жеңіп алды.

2014 жылы Қытайда ұйымдастырылған халықаралық жарыс сол елде бекітілген көкпар ойынының ережесі бойынша өткізілді.   Ойын тәртібі – екі жерге ағаш бағана орнатылады. Биіктігі 2 метрлік ағаш бағаналардың жоғарғы жағына киіз үй шаңырағының шалқадан жатқанына ұқсас шеңбер бекітілген. Серке осы биіктегі шеңберге лақтыру әдісімен тасталады. Ағаш бағаналардың ара қашықтығы 200 метр. Жарысқа әр командадан 4 адам қатысады. Ойын ортадан басталады. Серкеге барлық ойыншы бірден таласады. Ойын екі кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің ұзақтығы 20 минут. Үзіліс – 10 минут. Серкенің салмағы жеңіл, 15 келі шамасында.  Ойыншылардың  серкені бір-біріне лақтырып, баскетбол ойынындағыдай «пас» беріп ойнауына рұқсат. Биік бағанаға орнатылған шеңберге серкені көп түсірген команда жеңімпаз атанады. Бір команда алты ойыншыдан тұрады. Ойынға 4 адам қатысады. Екі ойыншы тың отырады. Шаршаған ойыншыны немесе атты ауыстыруға үзіліс кезінде ғана рұқсат беріледі.

Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ автономиялы облысында жоғарыдағыдай ережемен көкпар ойнайтын командалар қатары аз емес. Осы өңірде жыл сайын ақпан айында көкпар додасының маусымы басталады. Мысалы,   «Ұлттық дәстүрлі денетәрбиесі қоғамының» ұйымдастыруымен болатын дәстүрлі кубоктық жарыс Қорғас ауданы, Текес ауданы, Моңғолкүре ауданы, Арасан ауданында бірнеше жылдан бері тұрақты өткізілуде. Қорғас ауданы бойынша ғана «Қазанат», «Алмалы», «Сұңқар», «Ақбастау», «Қыран», «Көкжал», «Көрікті Кеген», «Көкбастау», «Ақиық», «Алаш» сияқты оннан астам көкпар командалары бар.

2016 жылы Қытайдың ШҰАР Іле-Қазақ автономиялы облысында үздік шыққан «Қазанат» командасы Шымкент қаласында өткен А.Асқаров атындағы турнирге арнайы шақыртумен келді. Ермек Тоқтарбай жаттықтыратын «Қазанат» командасы осы халықаралық турнирдің  қола жүлдесін жеңіп алды.

2017 жылы Қытай көкпар командасы Астанада өткен І Әлем чемпионатына қатысты. Халықаралық жарыстардан мол тәжірибе жинақтап үлгерген «Қазанат» командасы Әлем чемпионатында Ресей командасын 5:0, Мажарстанды 8:2, Ауғанстанды 4:2 есебімен ұтып,   жүлделі орыннан үмітті командалардың қатарынан көрінді. 11 мемлекет көкпаршылары бақ сынаған Әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін өткен бәсекеде Қытай командасы Тәжікстан көкпаршыларына 1 ұпай ғана есе жіберіп, төртінші орынды иеленді.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.