РЕСЕЙ КӨКПАР КОМАНДАСЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада  өткен І Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Ресей көкпар командасы

Көп ұлтты халық мекендейтін Ресей мемлекетінде көкпар ойыны ұзақ жылдардан бері жалғасын тауып келеді. КСРО кезеңінде Мәскеу, Краснодар, Пятигорск қалаларында 1959 жыл мен 1991 жылдар аралығында бірнеше мәрте командалық көкпар ойындары тамашаланған. Ал, далалық көкпарды ойнайтын осы мемлекет құрамындағы  автономиялы республикалар халқы. Солардың бірі –  Алтай Республикасында тұратын алтай, қазақ ұлттары.

Ресейдің Алтай Республикасына қарасты Қосағаш ауданы – қазақ ұлтының мол шоғырланған жері. Республикада жергілікті алтай халқы мен қазақтар түркі жұртына ортақ саналатын көкпар ойынын үздіксіз дамытумен келеді. Алтай республикасында тұратын қазақтардың далалық көкпарындағы ерекшелік –3-4 шақырым қашықтыққа бір мәре белгіленеді. Қалың додадан серкені алып шыққан көкпаршы сол мәреге салым салуға тиіс. Салым салған көкпаршыға құнды сыйлық беріледі.

Командалық көкпар ойынын жандандыру бұл өлкеде 2010 жылдары бастау алған. 2012 жылы Ұлаған ауданында алғаш рет көрші Моңғолия республикасының көкпар командаларымен достық кездесу өткізілді. Мерекелік жиындарда елішілік көкпар жарыстары жиі ұйымдастырылып тұрады. Республикалық «Ел ойын» атты ұлттық спорт жарысына оннан астам көкпар командасы қатысады. Қазіргі кезде Алтай Республикасында бірнеше көкпар командалары бар. Алтай республикасының Қосағаш ауданында «Ақтал», «Достық», «Шүй», «Теленгіт-Сарытоғай», Ондугай ауданында «Ело», «Купчеген», Усть-кокса ауданында «Беш-озек», Усть-кан ауданында «Шаргайты», Ұлаған ауданында «Улаган» атты үздік көкпар командалары бар.

Қосағаш қазақтарының көкпары

Алтайлықтар көкпары

       2013 жылы Қазақстанның бас қаласы Астанада өткен І ашық Азия чемпионатына Ресей көкпар командасын Қосағаш аудандық «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының» президенті Ербол Еділбаев бастап келді. 8 мемлекеттің командасы қатысқан бұл халықаралық көкпар бәсекесінде бас жаттықтырушы Унуков Анатолий баптаған Ресей командасы 5 орынды иеленді.

2015 жылы Қытай мемлекетінің шекаралас республикалар арасында ұйымдастырған командалық көкпар жарысы Үрімші қаласында өтті. Осы халықаралық жарыста Ресей көкпар командасы 3 орынды иеленді.

2017 жылы Ресей көкпар командасы Ербол Еділбаевтың жетекшілігімен Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған көкпардан І Әлем чемпионатына қатысты. Досқабыл Оқашев жаттықтырған Ресей командасы Әлем чемпионатында Мажарстан, Қытай, Қазақстан, Ауғанстан командаларымен кездесті.

Команданың белді ойыншылары Ах­метов Жантілеу, Бақытов Азамат, Жү­йебаев Ерсін, Оқашев Жандос, Оқашев Ұлықпан, Самашев Ерқайрат, Сиқуатов Ринат, Зейнелов Байболат әлемдік көкпар бәсекесінде жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Чемпионатта бірнеше кездесуге тө­решілік жасаған Ресей көкпар командасының төрешісі Күнболат Әбілбаев алғыс хат және медальмен марапатталды.

Төлген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.