МОНҒОЛИЯ КӨКПАР КОМАНДАСЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада  өткен І Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Монғолия көкпар командасы

Көкпар моңғол халқына да ортақ ойын. Шыңғысхан заманында моңғол ұлтының да көкпар тартқаны тарихи деректерде аз айтылмайды. Соңғы жылдарда республикалық ұлттық ойындар мерекесінде моңғолиялықтар ұмыт болған көкпар ойынын  жандандыруға бет бұра бастады.

Моңғолия мемлекетінің Баян-Өлгей аймағын 150 мыңға жуық қазақ ұлты мекендейді. Ұзақ жылдардан бері халықаралық жарыстарға Моңғолия мемлекеті атынан қатысып, көкпар ойынын дамытып жүрген осы өлкедегі қазақ азаматтары.

Моңғолия қазақтары арасында көкпардың көне түрі «лақ тартыс» немесе «көк лақ» деген атаумен сақталған. Қазіргі ауызекі тілде «жеке көкпар» деп те аталады. Ойын белгілі бір тәртіппен өтеді. Көкпаршылар екі топқа бөлініп тұрады. Әр топтан бір-бір адам шығып, ортада жекпе-жек сайысқа түседі. Жеңген жігіт жеңілген қарсыласын өз жағына әкеліп қосады. Осылай екі топ жеңімпазды жекпе-жек арқылы анықтап болған соң, соңғы жеңімпаз көкпарды ала қашады. Оны қалған көкпаршылар жабыла қуады.

Алтай-Қобда қазақтары көкпарға көк түсті ешкіні (лақ, серке) тартатын болғандықтан ол өңірде көкпарды «көксерке» немесе «көклақ» деп те атай береді. Көкпарға лақ немесе үлкен серкенің таңдалуында өзіндік ерекшелігі бар. Лақты жас балалар тайға мініп тарса, серкені сақа жігіттер мықты көкпар аттарымен тартады.

2011 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Ұлттық Көкпар Федерациясы құрылды. Федерация президенті Ром Әуесханның ұйытқы болуымен осы жылдардан бастап командалық көкпар ойынын дамыту қолға алынды.  Қазіргі кезде Баян-Өлгей аймағында бірнеше көкпар командалары бар.  Ұланқұс ауданының «Қызылқайың», Сақсай ауданының «Зоосты», Ноғанұр ауданының «Қобда», Алтынсөксе ауданының «Ақши» атты үздік командаларынан іріктелген көкпаршылар ұлттық құрама команданың мүшесі атанады.

2012 жылы Баян-Өлгей көкпар командасы алғаш рет көрші мемлекет командаларымен бақ сынасты. Ресейдің Таулы Алтай Республикасына қарасты Ұлаған ауданында ұйымдастырылған достық кездесулерге қатысып, тәжірибе жинай бастады.

2013 жылы Моңғолия көкпар командасы Қазақстанда ұйымдастырылған І ашық Азия чемпионатына толық құраммен қатысты. Команданың бас жаттықтырушысы Ром Әуесханның шәкіртері Бақытбек Ақыби, Әскерхан Қанат І Азия чемпионатында алғашқы салым салған көкпаршылар. Алғашқы қатысқан бұл ірі халықаралық жарыста Моңғолия құрама командасы Қазақстан, Ресей, Тәжікстан көкпаршыларымен кездесті.

2014 жылы Моңғолия құрама командасы Қытай мемлекетінің Іле-Қазақ автономиялы облысында ұйымдастырған халықаралық көкпар жарысына шақырту алды. Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей командалары қатысқан осы бәсекеде моңғолиялық көкпаршылар 3 орынды иеленді.

2015 жылы Қытай мемлекетінің шекаралас республикалар арасында Үрімжі қаласында ұйымдастырған халықаралық көкпар жарысында Моңғолия командасы 3 орынды жеңіп алды.

2017 жылы Моңғолия көкпар құрама командасы Қазақстанның бас қаласы Астанада өткен І Әлем чемпионатына қатысты. Әлемдік жарыста АҚШ командасын 10:4,  Өзбекстан командасын 8:4, Түркия командасын 10:7 есебімен ұтқан моңғолиялықтар ширек финалда Тәжікстан көкпаршыларынан 10:9 есебімен ұтылып, І Әлем чемпионатында бесінші орынды иеленді.

Көптеген халықаралық жарыстарда бақ сынаған Моңғолия көкпар командасының бас жаттықтырушысы Ром Әуесхан. Команданың аға жаттықтырушысы Мүшелбай Мейрамбек. Көкпардан спорт шебері атанған Ережеп Нұрболат, Ырыс Тастүлек, Бағлан, Серік Жеңісбек, Балақай Жеңісбек, Байыс Досжан, М.Бердіхан, Ә.Қанат сияқты тәжірибелі ойыншылар Моңғолия көкпар командасының тұрақты мүшелері.

 

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.