МАЖАРСТАН КӨКПАР КОМАНДАСЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада өткен І Әлем чемпионатында тұңғыш рет өнер көрсеткен Мажарстан көкпар командасы

Мажарстан (Венгрия) республикасы Еуропада дәстүрлі этно-спорт түрлерін дамытуды мақсат тұтқан мемлекеттердің бірі. 1996 жылы Мажарстан мемлекеті І  Бүкілдүниежүзілік шабандоздар фестивалін ұйымдастырды. Мажарстан мемлекетінің 1100 жылдық мерекесіне орай Кешкемет қаласында өткен бұл фестивальге әлемнің 23 елінің ұлттық спорт өкілдері қатысқан. Арнайы шақырту алған Қазақстанның көкпаршылары мен аударыспақшылары, қыз қуу мен теңге ілудің үздіктері І  Бүкілдүниежүзілік шабандоздар фестивалінде өнер көрсетті.

1996 жылы Еуропа жанкүйерлері командалық көкпар ойынын алғаш рет тамашалады. Қазақ көкпаршылары Кешкемет қаласына жиналған мыңдаған көрермен алдында бірнеше күн бойы көкпар ойынының керемет әдіс-тәсілдерін шеберлікпен көрсете білді. Қазақ көкпаршыларын нағыз батырларға  балап, ержүректіліктеріне риза болған ұйымдастырушылар фестивальдің бас жүлдесіне Қазақстан шабандоздары лайық деп таныған.

Еуропаны мекендесе де мажарстандықтардың басым бөлігі өздерін көне қыпшақ даласынан қоныс аударып барған Түркі халқының ұрпағы деп санайды. Мадияр жұрты аударыспақ, найза лақтыру, садақ ату сияқты ат үстіндегі ойын түрлерін жақсы меңгерген.

Суретте: «Хунгари» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті, Мажарстан көкпар командасының жетекшісі Иштван Бенцзе

Мажарстанның «Хунгари» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Иштван Бенцзе  ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен көп жылдардан бері тығыз байланыста. Қазақстанда жамбы ату, аударыспақ спорты түрлерінен ұйымдастырылған халықаралық ресми жарыстарға Мажарстан спортшылары 2014 жылдан бастап қатыса бастады.

2017 жылы Мажарстан көкпар командасы Қазақстанның бас қаласы Астанада өткен І Әлем чемпионатында тұңғыш рет бақ сынады. Чемпионат барысында Иштван Банцзе жетекшілік ететін мадияр көкпаршылары Ресей, Ауғанстан, Қытай, Қазақстан командаларымен кездесті.

Мажарстанның Чемез Фаркас, Серф Амбурс, Васс Герго, Кисс Габор, Сзабо Золтон, Ори Балас сияқты шабуылшылары қарсыластарымен қаймықпай айқасып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Әлем чемпионатында Мажарстан көкпаршылары өз мәрелеріне барлығы 8 салым салды.  Көкпар мамандары бұл жетістікті Халықаралық ірі бәсекеге алғаш қатысқан команда үшін жақсы нәтиже деп санайды.

Төлеген ЖӘКІТАЙ 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.