ТҮРКИЯНЫҢ КӨКПАР КОМАНДАСЫ

Суретте: 2017 жылы  Астанада тұңғыш рет өткен І Әлем чемпионатында өнер көрсеткен Түркия көкпар командасы.

Түркиялықтар көкпар ойынына 2012 жылдан назар аудара бастады. Жалпы, бұл мемлекеттің ұлттық спортты әлемдік деңгейге көтеруге деген құлшыныстары өзге елдерден көш ілгері.

Дүниежүзілік этноспорттар конфедерациясының президенті Несметтин Білал Ердоған 2017 жылы Түркиядан арнайы келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған ұлттық ойындар жарысын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен бірге тамашалады. «Алтын жебе» атты ұлттық садақ ату сайысының жеңімпаздарын марапаттауға қатысып, халықаралық турнир туралы жылы лебізін білдірді.

Суретте:Дүниежүзілік этноспорттар конфедерациясының президенті Несметтин Білал Ердоған 2017 жылы Түркиядан арнайы келіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған ұлттық ойындар жарысын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен бірге тамашалады.

2018 жылдың ақпан айында Түркияның Анталия қаласында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырған «Дәстүрлі спорт түрлерін қайта жаңғыртудың форумы» болып өтті. Алпысқа жуық елдің этноспорт федерацияларының өкілдері қатысқан бұл екі күндік форум этноспорттардың қазіргі жағдайына, оның алдында тұрған қиындықтарға және осы саланы Түркияда және бүкіл әлемде кеңінен тарату мақсатындағы қадамдарға арналған. Форумды Дүниежүзілік этноспорттар конфедерациясының президенті Несметтин Білал Ердоған жүргізіп, өз баяндамасында әлемдегі ұлттық спорт түрлерінің жетістіктері, проблемалары мен болашақтағы атқарылар жұмыстары туралы баяндады. Ұлттық ойын түрлерінің өз олимпиадалық бәсекелерін өткізу жайлы ұсыныстарын айтты. Бұйыртса, 2018 жылы ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылатын дүниежүзілік жарыстар қатары көбейе түспекші. Мысалы, сол Түркияда маусым және тамыз айларында екі ірі халықаралық фестиваль ұйымдыстырылмақшы.

2012 жылы Түркияның Денизли қаласында Дүниежүзілік ұлттық спорт түрлерінен дәстүрлі фестивалі өтті. Осы фестиваль барысында  командалық көкпар ойыны әлем көрермендері назарына ұсынылды.

Денизли қаласында өткен Дүниежүзілік ұлттық спорт түрлері фестиваліндегі көкпар ойынында үш мемлекеттің командасы ғана бақ сынады. Бірінші орынды Қазақстан көкпаршылары жеңіп алды. Екінші орынды Қырғызстан командасы, үшінші орынды Түркия командасы иеленді.

2013 жылы Қазақстанның бас қаласы Астанада ұйымдастырылған І ашық Азия чемпионатына алғаш рет Түркия көкпар командасы қатысты. Чемпионатта Қытай және Қырғызстан командаларынан ұтылған Түркия командасы жүлделі орынға іліккен жоқ. Түркия командасының І Азия чемпионатындағы команда жетекшісі Синан Сечер. Азия чемпионатында тұңғыш салым салған  түрік көкпаршылары Айдын Хикмедхумед, Диншер Жамал, Шаглар Умит.

Суретте: 2013 жылы Астанада тұңғыш рет өткен І Азия чемпионатында өнер көрсеткен Түркия көкпар командасы

2017 жылы Қазақстанның бас қаласы Астанада ұйымдастырылған І Әлем чемпионатына Түркия көкпар командасы толық құраммен қатысты. Алғашқы кездесуде Түркия көкпаршылары АҚШ командасын  2:1 есебімен ұтты. Бірақ, одан кейінгі Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан сияқты Азиядағы тәжірибелі көкпар командаларынан ұпай айырмашылығымен ұтылды.

Түркияда үш мыңға жуық қырғыз ұлтының өкілдері тұрады. ХХ ғасырдағы тарихи оқиғаларға байланысты Ауғанстан арқылы қоныс аударған  қырғыздар Түркияның таулы аймақтарын мекендеп, негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Түркияда көкпар ойынының дамуына осы қырғыз ұлтының азаматтары қосқан үлес мол.

 

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.