«ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ-2018»

Бүгін Алматыда ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі өтті. «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында биыл үшінші мәрте ту көтерген бұл фестивалдің жалпы жүлде қоры 18 млн. теңге болды. Ертең Алматыда белдесуден тұңғыш рет ұйымдастырылатын «Халық барысы» турнирі ту көтереді.

 

Алматының ипподромында өткен аталмыш дәстүрлі фестивальге еліміздің әр облысынан келген спортшылар қатысып, аламан бәйге және қысқа қашықтықтағы ат жарысы, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлері мен ойындарынан бақ сынады.   Отан корғаушылар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары»  барысында фестиваль көрермендері бишілер, әншілер және каскадерлардың өнеріне куә болып, артынша өнер бұйымдары көрмесін тамашалап, саятшылардың құстарымен, аңшылыққа шығатын тазы иттермен таныс болды. Сонымен қатар, тамашалаушылардың өздері тоғызқұмалақ ойнап, асық атып, қошқар көтеру мен бағанаға шығудан сайысқа түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. 

Жарыс қорытындысы бойынша, аударыспақтан өз салмақтарында Азат Жұмаділов (60 кг), Дәулет Ережепбаев (70 кг), Мейірбек Ілембай (80 кг), Түймебек Жұмалиев (+90 кг) жеңімпаз атанды. Қыз қуу ойынында уақыт бойынша жеңген Марлен Қанат пен Рамина Дидар жұбы болса, теңге ілуден Ернат Мәлімбай үздік атанды. Жамбы атудан мергендік танытқан Саян Қыстаубаев болды.

Бәйге жарысында, ұшқыр бәйге (1000 м) жеңімпазы «Мандарин» атты жүйрік, иесі Әмірқұлов. 21 шщақырымдық аламан бәйгеде алдына қара салмаған «Аманат» атты сәйгүліктің иесі Ұлан Омаровқа ең жоғары сыйлық — 5 млн. теңге бұйырды. Жорға бәйгеде (7 км) бірінші келген «Көкжайлау» — Тұрсын Сабазбеков, ал, құнан бәйгеде (9 км) «Болашақ» — иесі Дінмұхамет Асқарұлы.

Фестивальда көкпар ойынын да қонақтар  қызыға тамашалады. Тартысты додада жаңадан құрылған Алматы қаласы құрамасын қосқанда төрт команда қатысып, алматылықтар жеңімпаз атанды. Олар Астана қаласын финалдық ойында 3:0 есебімен ұтты. Үшінші орынды Жамбыл облысының көкпаршылары иеленді.

       Алматы қаласында ертең тағы бір дүбірлі доданың жалауы көтерілмек. Ұлттық күрес түрі белдесуден  тұңғыш рет өтетін «Халық Барысы» ашық республикалық турнирінде  мыңнан астам балуан бақ сынайды деп күтілуде.

Бұл бәсекенің ерекшелігі – қарапайым халық арасынан талап қылған жігіттер де белдесуге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Жарыстың жүлде қоры 20 миллион теңге. Турнир Алматыдағы халықаралық шаңғы трамплині кешенінде өтеді. «Халық барысы» жобасын Халықаралық қазақ күресі федерациясы, «Қазақстан барысы» қоры мен Алматы қаласы əкімдігі ұйымдастыруда. Жарысқа кәсіби спортшылар қатыспайды. «Қазақстан Барысы» жобасында алдын-ала іріктеу болса, «Халық барысында» іріктеу өтпейді.

Белдесу – қазақ күресінің бір тармағы. Тұңғыш рет өткелі отырған жарыс та осы төл өнерімізді ұлықтап, тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында ұйымдастырылмақ.

Қазақ күресі мен белдесу күресінің киім үлгісінде ерекшеліктер бар. Белдесуге қатысатын балуандар балағы тобыққа дейін жететін қою күрең және қоңыр түсті шалбар киіп шығады. Екі балуанның біреуі көк, екіншісі қызыл түсті, жалпақтығы 8 см жұмсақ матадан жасалған белбеу тағады. Кеуделерін белуарға дейін жалаңаштап, көк майса үстінде жалаң аяқ күреседі. «Халық барысы» турнирінің қорытынды нәтижелері алдағы күндерде жарияланады.

Баспасөз қызметі

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.