«ХАЛЫҚ БАРЫСЫ» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ КІМ?

Алматыда өткен «Халық барысы» турнирінің жеңімпаздары анықталды. Қазақтың ежелгі белбеу күресінде мыңнан астам балуан бақ сынады. Бас балуанның қанжығасына 10 миллион теңге байланды.

         Ұлттық спорттың қатары тағы бір жаңа күрес түрімен толыққанына қуанулымыз. Белбеу күрес – қазақтың ежелгі күрес түрі. Жауырыны жер иіскемей өткен әйгілі Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыз күні кеше осы күрес түрімен белдескен.

Тұңғыш рет республикалық көлемде өткен «Халық барысы» турнирін Халықаралық қазақ күресі федерациясы, «Қазақстан барысы» қоры мен Алматы қаласы əкімдігі ұйымдастырды. Мұнда «Қазақстан Барысы» турниріндегідей алдын-ала іріктеу өткізілген жоқ. Балуандардың барлығы  белдесуге бірден шықты. «Боз кілем» аталып кеткен әдеттегі күрес кілемдері төселмеді. Балуандар көк майсада жалаң аяқ күресті. «Халық барысы» турнирінің ерекшелігі де осында.

 

Бұл белбеу күреске 18 бен 50 жас аралығындағы тілек білдірушілердің барлығы қатысқан. Күрес ережесіндегі тағы бір ерекшелік – белдесу үстінде қарсыластың бірінің қолының ұшы жерге тиіп кетсе болды, «жеңілді» деп есептеледі.

Сонымен, тұңғыш өткен «Халық барысы» турнирінің жеңімпазы атанған алматылық балуан Қиқымов Мақсат. Айтылған ақпаратқа сенсек, Мақсат Қиқымов 2015 жылы «Алматы барысының» жеңімпазы болған балуан екен. 80 келі салмақпен белдескен Мақсат ақтық сында салмағы 100 келі тартатын Талғат Жиентаевтан басым түсті. Үшінші орын Айтуар Абдуловқа, төртінші орын Әділет Даулынбаевқа бұйырды.

Сөйтіп, жеңімпаз Мақсат Қиқымов «Халық барысы» турнирінің алтын белбеуі мен 10 миллион теңгені иеленді. Күміс жүлдегер Талғат Жиентаев зерлі шапан мен 5 миллион теңге, қола жүлдегер Айтуар Абдулов зерлі шапан мен 3 миллион теңге,  төртінші орын алған Әділет Даулынбаев  зерлі шапан мен 2 миллион теңгемен марапатталды.

 

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.