АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА 10 КҮН ҚАЛДЫ

 

Биылғы жылы тамашаланатын ұлттық спорттың алғашқы халықаралық бәсекесі басталуға таяу қалды. Маусым айының 1-2 күндері Астанада «Қазанат» атшабарында Теңге ілу мен Аударыспақтан Азия чемпионаттары өткізіледі.   

               ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірлесе ұйымдастыруымен өтетін осы қос Азия чемпионатына қатысуға өтінім білдірген мемлекеттер қатары онға жуық. Өйткені, біздің елдің Аударыспақ пен Теңге ілу бәсекесіне сауын айтуы бір бұл емес. Бұған дейін Аударыспақтан І Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, ал,  ІІ Азия чемпионаты 2016 жылы Қытай елінде өткен болатын. Ал, Теңге ілуден І Ашық Азия чемпионаты 2015 жылы Елорда төрінде ұйымдастырылды. Өткен бәсекелердің бас жүлдесін қазақ саңлақтары қанжығасына байланған-тын. Сондықтан, қазіргі кезде сары құрылықтың ат үстіндегі сайыстарының жүлдесін сарапқа салуға құлшынған Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері командасының Астанаға келетіні белгілі болды.

Осы атышулы Азия чемпионаттарына ЮНЕСКО-ның нақты назар аударуы ұлттық спорт түрлерінің келешекте әлемдік деңгейде насихаттала басталуынан үміттендіреді. Бірер күн бұрын Елордаға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті  өкілдерінің  ресми сапармен келетіні анықталды. Атап айтқанда, ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің төрағасы Халил Ахмед Хан, комитеттің үйлестірушісі – Марселлин Дэлли және комитеттің хатшысы Шамми Рана Елордаға 31 мамыр күні келеді. Бұл, құрметті меймандар  1 мамырда басталатын Азия чемпионаттарының салтанатты ашылуына қатысады, екі күндік бәсекені бастан-аяқ тамашалайды деп жоспарланған.

Соңғы кезеңдерде  ұлттық спорт түрлерінен алғашқы олимпиадалық ойындар ұйымдастыру жоспары жиі айтыла бастады. ЮНЕСКО аясында 2021 жылы ту көтеруі  мүмкін осы әлемдік бәсекені өткізуге лайық төрт мемлекеттің қатарында Қазақстан Республикасы да  бар.  Сондықтан, ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті  өкілдері Астанада өтетін Азия чемпионаттарын жай ғана тамашалаумен шектелмей, біздің елдегі ұлттық спорт жарыстарының ұйымдастырылуын, насихатталуы деңгейін, жалпы хал-ахуалын, тіпті, жанкүйердің қызығушылықтарын өз көздерімен көрмекші. Егер ЮНЕСКО-ның осы үш беделді өкілі құп көрсе, онда 2021 жылғы  ұлттық спорт түрлерінен өтетін алғашқы олимпиадалық ойындар  Елордада жалау көтеруі бек мүмкін.

Ал, қос бірдей Азия чемпионаттарының өткізілу бағдарламасы төмендегідей. 1 мамыр күні сағат 11:00-ге белгіленген салтанатты ашылудан соң Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты басталады. 9 мемлекет спортшылары бақ сынайтын бұл бәсекеден соң, сол күні Аударыспақтан III Азия чемпионатының да туы көтеріледі. Бес салмақ бойынша сынға түсетін балуандар сайысы 2 мамыр күні аяқталады. Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жүлделерін де 9 елдің спортшылары   сарапқа салады.

Суретте: 2017 жылғы Халықаралық турнирде аударыспақтан топ жарған үш саңлақ. Оңнан солға қарай: Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Есімхан Рахматілла.

Қазіргі кезде екі күндік Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын біздің спортшыларымыз Тараз қаласындағы оқу-жаттығу жиынында. Бұған дейін Аударыспақтан өткен екі Азия чемпионаттарында бас жүлдені иеленген, әрі абсолютті салмақтың чемпиондары Біржан Қосалиев аса ауыр салмақта, ал, Сырым Ізбасаров 90 келі салмақта бақ сынайтын болды. 80 келі салмақта 2017 жылғы Елордада өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған  Рахматілла Есімхан белдеседі. Сондай-ақ, Қазақстан чемпиондары Ержанов Шыңғыс 70 келі салмақта, Серғазин Азамат 60 келі салмақта сынға түсуі мүмкін. Аударыспақтан Қазақстан Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаев.

Суретте: 2015 жылы өткен І Азия чемпионатының жеңімпаздары. Оңнан солға қарай; Азияның күміс жүлдесін иеленген   Әліхан Бәшімбаев, жеңімпаз Ғалымжан Ізжанов және қола жүлдегер атанған моңғолиялық спортшы Қуатхан Абдол.

Теңге ілуден де Азияда топ жарған қос саңлағымыз бар. 2015 жылы өткен  І Азия чемпионатында бас жүлдені жеңіп оңтүстіктің оғланы Ғалымжан Ізжанов пен Азияның күміс жүлдесін иеленген ақтөбелік  Әліхан Бәшімбаев ІІ Азия чемпионатында ел намысын қорғауы мүмкін. Әзірге, теңге ілушілердің іріктеу сыны аяқталған жоқ. Азия чемпионаттарына қатысты қосымша ақпараттарды  сайтымыздан алдағы күндерде оқитын боласыздар.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.