АЗИЯДА ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

Бүгін Таразда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Ұлттық спорт түрлері бапкерлерінен сүйінші хабар келіп жетті. Аударыспақ пен Теңге ілу бойынша іріктеу аяқталып, 1-2 маусымда Елорда төрінде өтетін қос Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың аты-жөні анықталыпты.

 

                Сонымен, 1 маусым күні басталатын Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатына кімдер қатысады? Таразда өткен іріктеу сынына ілгері жылдары Теңге ілуден ел чемпионатында жүлдегер атанған бірнеше спортшы шақырылған. Сол үздіктер арасынан суырылып шыққан екі теңге ілуші спортшымен таныс болыңыздар.

              Мағжан САПАРБЕК – 2001 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы  Қазығұрт ауданы, Қазығұрт елдімекені. Теңге ілу спортымен 2014 жылдан бастап шұғылданған. Республикалық жарыстарда көптеген жүлделі орындарды иеленді. 2016 жылы  қазан айында Ақтөбе қаласында өткен Жастар арасындағы ҚР чемпионатында – 1 орынды,  2017 жылы Алматы қаласында өткен ересектер арасындағы ҚР чемпионатында 1 орынды жеңіп алды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі, ҚР спорт шебері. ІІ Азия чемпионатына іріктеу жарысында үздік танылған спортшы.

          Ғалымжан ІЗЖАНОВ  – 1999 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы  Шымкент қаласы. Теңге ілу спортымен 2010 жылдан бастап шұғылданған. Көптеген республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды.  Теңге ілуден 2015 жылы Шымкент қаласында өткен Ә.Дауылбаев атындағы Республикалық турнирдің  жеңімпазы. 2016 жылы Жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері. 2017 жылғы «Ақ бидай» VІ республикалық ауыл спорты ойындарының чемпионы. 2015 жылы Астана қаласында Теңге ілуден өткен І ашық Азия чемпионатының жеңімпазы.

           

         Ал,  Аударыспақтан ІІІ Ашық Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Дүбірлі додаларда Қазақстанның көк байрағын сан мәрте көтерген даңқты балуандарымыздың есімін де оқырмандарымыз алдын-ала біле жүрсін.

       

    Біржан Қосалиев90 келіден жоғары салмақтағы бас балуан.  Біржан ҚОСАЛИЕВ – 1985 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Майбұлақ ауылы. Аударыспақ спортына 2011 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – ҚР чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы. Аса ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы (2014, 2016 ж.ж). 2014 жылы Астанада  өткен І Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы. 2017 жылы Халықаралық турнирдің абсолютті салмақтағы чемпионы атанды. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

           

           Сырым Ізбасаров — 90 келі салмақтағы даңқты балуанымыз. Сырым ІЗБАСАРОВ – 1989 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Қаратөбе ауылы. Аударыспақ спортына 2008 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – ҚР чемпионатының 9 дүркін жеңімпазы. Ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионы атанған (2014, 2016 ж.ж). 2016 жылы Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жеңімпазы. 2017 жылы 90 келіде Халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

Есімхан РАХМАТІЛЛА — 80 келі салмақта қарсылас шыдатпайтын жас балуан.  Есімхан РАХМАТІЛЛА – 1994 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарағаш ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылы. Аударыспақ спортына 2012 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – Жастар арасындағы ҚР чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, 2016 жылы ересектер арасында өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінің абсолютті салмақтағы жеңімпазы, 2017 жылы 80 келі салмақта ересектер арасындағы ҚР чемпионатының чемпионы. 2017 жылы 90 келіде Халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

 

 

 

             Шыңғысхан Ержанов  –  70 келі салмақта сынға түседі. Ержанов Шыңғыс 20.07.1995 жылы туған. Туған жері – Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылы. 2011 жылы 16 жасынан бастап Аударыспақ спортымен айналысты. Республикалық жарыстарда Аударыспақ жегінде алған атақтары – 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды. 2015 жылы Қазақстан Республикасының жастар арасындағы чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесінде І орынға ие болды. 2016 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 70 келі салмақта чемпион атанды. 2017 жылы «Ақбидай» республикалық VI ауыл спорты ойындарында ересектер арасында 70 келі салмақта ІІ орынды иеленді. ІІІ Азия чемпионатына іріктеу жарысында жеңімпаз атанды. Аударыспақтан  ҚР спорт шебері.

Суретте:  Шыңғысхан Ержанов пен Азамат Серғазиннің жаттықтырушысы, ақтөбелік тәжірибелі бапкер Абат Аймағамбетов. 

          Азамат Серғазин – 60 келі салмақта сынға түседі. Серғазин Азамат 01.06.1996 жылы туған. Туған жері – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы.  15 жасынан бастап Аударыспақ спортымен айналысты. Республикалық жарыстарда Аударыспақ жегінде алған атақтары – 2012 жылы аударыспақтан жастар  арасындағы ҚР  чемпионатында  50 келі салмақта, 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР  чемпионатында  50 келі салмақта ІІ орынды иеленді.  2017 жылы жастар арасындағы  ҚР чемпионатында  60 келі салмақта ІІ орын алды. 2017 жылы «Ақбидай» республикалық VI ауыл спорттық ойындарында ересектер арасында 60 келі салмақта І орынды жеңіп алды.   ІІІ Азия чемпионатына іріктеу жарысында жеңімпаз атанды. Аударыспақтан  ҚР спорт шебері.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

       

 

 

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.