ҰЛТТЫҚ СПОРТТАН ӨТКІЗІЛЕТІН ОЛИМПИАДА ТУРАЛЫ АЙТЫЛДЫ

 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз залында Теңге ілуден  және Аударыспақтан  Азия чемпионаттарын өткізуге байланысты баспасөз конференциясы өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан БАҚ өкілдеріне 1-2 маусымда Елордада ұйымдастырылатын Азия чемпионаттары туралы ақпараттарды мәлімдеп, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауаптар айтты. 

         Баспасөз конференциясында тек аталмыш Азия чемпионаттары жайлы ғана емес, жалпы ұлттық спорт саласындағы атқарылып жатқан ауқымды шаруалар да тілге тиек болды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздегі ұлттық спорттың жай-күйін, алдағы халықаралық жарыстар туралы айта келіп, 2021 жылы ұйымдастырылатын ұлттық спорт олимпиадасы Қазақстанда өткізілуі мүмкін екенін мәлімдеп өтті. Ал,  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан: «Осы жылы садақ атудан әлем чемпионаты өтеді. Бұған бүкіл құрлықтан, тіпті Африкадан қатысуға ниет білдіріп отырған адамдар бар. Содан кейін көкпардың насихаты үшін «Жұлдызды көкпар» жарысын ұйымдастырмақпыз. Онда атқа жақын, өнер мен спортта жүрген жұлдыздарымыз бақ сынайды. Мәдениет және спорт министрлігі де жаңа жобаға қолдау білдіріп отыр. Бұл көкпардың насихатына үлкен әсері болатын дүние. «Жұлдызды асық» деген жобамыз да бар. Осылар арқылы біз ұлттық спортымызды насихаттауға мүмкіндік ашамыз. Сонымен бірге, Министрлік пен ұлттық спорт қауымдастығы жоспарлап отырған жобалардың бірі –  «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі. Бұған байланысты бір нәрсені айта кетсем, «Ақ жол» партиясы ұлттық спортқа қарай мойын бұра бастады. Аламан бәйге қыркүйектің бірінші жексенбісінде болады. Мәдениет және спорт министрлігі жобаларымызға әрдайым қолдау көрсетеді. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен  «Samruk-Kazyna Trust» қоры да көмектесеміз деп отыр», — деді ол. Сондай-ақ, Бекболат Тілеухан көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізуге Түркия тарапы қызығушылық танытқанын атап өтті. Қазіргі кезде  нақты келіссөздер жүргізілуде.               Аударыспақ пен Теңге ілуден өтетін Азия чемпионаттарына ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті өкілдерінің қатысуы жоспарланған. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның пікірінше, ЮНЕСКО атынан дәрежелі қонақтардың келуі – еліміздегі ұлттық спорттың даму қарқынына деген әлемдік қауымдастықтың қызығушылығының көрінісі. «ЮНЕСКО өкілдері шараға келетіндіктерін растады. Біздің ұлттық ойындардан өтетін Азия чемпионаттарына халықаралық ұйым өкілдерінің назар аударуы – этноспорттың келешекте әлемдік деңгейге шығуынан үміттендіреді. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спортты өркендету жөніндегі бастамаларымызға үнемі қолдау білдіріп келетінін айрықша атағым келеді», деді қауымдастық президенті.

Аталған чемпионаттарға 9 елден (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркия) 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда, 100-ге тарта адам қатысуы жоспарланған.

Теңге ілуден ІІ Азия және Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттарының жалпы жүлде қоры – 14 000 000 теңге. Жарыстың бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*