Көкпардан ел құрамасы азия чемпионы атанды

Қазақстан құрамасы көкпардан Орта Азия чемпионы атанды. Тоғыз елдің көкпаршылары қатысқан байрақты бәсекеде ел құрамасы оқ бойы озып шықты.

Арқаның төсін бес күн бойы қиқулатқан чемпионат мәресіне жетті. Тартысты бәсекенің ақтық сынында ел құрамасы көкпардың жілігін шағып, майын ішкен қырғыз елінің спортшыларымен бақ таластырды. Алғашқы жиырма минутта біздің жігіттер қарсыластардың қазандығына қатарынан үш салым салып, суырылып алға шықты. Алайда қырғыздар қарымта шабуылда тақымдарына қысқан серкені екі мәрте біздің қазандыққа салып кетті. Тек кездесудің соңғы минуттарында жігіттеріміз салған салым ел құрамасына жеңіс сыйлады.

РАМАЗАН СӘТТІБАЙ,ҚР КӨКПАРДАН МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

— Біздің қазақтардың қолданған тактикасы бұлардікі жаңағыдай ойнақы шапқылау емес, бұлардікі топтасып, жаңағы қорап әдісін құрып, командаларды күшпенен апару әдістері, шабуыл көп болды. Шабуылдың 70-80 пайызы Қазақстан құрама командасы жағында болды.

Осылайша Қазақстан құрамасы көкпардан Азия чемпионы атанып, жүлдеге тігіліген он млн. теңгені жеңіп алды. Ал Қырғыз елінің спортшылары чемпионаттың күміс жүлдесі мен алты миллион теңгені қанағат тұтты. Қытай құрамасын жеңген Тәжік елінің спортшылары болса, қола жүлде мен төрт миллионды алып тарқасты.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

— Мәселе Қазақстанда өткен соң қазақ командасы жеңді деген сөз емес ағайын. Сіздер көрдіңіздер шында да финал өте тартысты өтті. Оның куәсі болдыңыздар. Бәрі де әділетті өтті. Бір емес 8 камера 8 жақтан тұр. Біз қазақпыз. Біз үйге келген жыланның басына сүт құйған халықпыз. Сондықтан мұнда келіп ап қожайындығымызды көрсетіп, әділетсіздікке бармаймыз.

Ал байрақты бәсекенің басты символы саналған «көкпар туы» келесі жолы Азия чемпионатын өткізуге ниет танытып отырған Түркі елінің өкілдеріне салтанатты түрде табысталды.

Осылайша, көпшілік тағатсыздана күткен көкпар ойыны жоғары дәрежеде өтті. Ал қазақтың бетке ұстар азаматтары осы шараның басы-қасында жүр. Ұлттық құндылықтарға шөліркеп қалған қала қазақтары да тамаша әсер алып тарқасты. Кей азаматтар бабалардың өнерін балаларына насихаттап жатыр. Олай болса жылқы мінезді қазақ үшін көкпардың орны биік болып қала беретін түрі бар.

Талғат Уәли

7 арна

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.