Теңге ілу

tenge_ilu

Теңге ілу – Түркі халықтарына ортақ, ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілуші жігіт құйғыта  шауып келе жатқан аттың үстінен еңкейіп,  баяуламастан жерде жатқан, шүберекке түйілген  теңгелерді тез іліп алып, лақтырып отыруы шарт. Теңгені көп ілген ойыншы  жеңімпаз атанады.

Теңге ілу ұлттық ойынының көп ғасырлық тарихы бар. Бұрынғы кезден бастап тенге ілу қазақ жауынгерлерінің күшін, шеберлігі мен батылдығын тәрбиелейтін жаттығудың маңызды элементі ретінде қарастырылатын. Біздің заманымызда теңге ілу ұлттық ойыны шеберлік пен жылдамдыққа, ең бастысы жылқыға, өз тарихына деген сүйіспеншілікті дамытатын ең әдемі және ең көрнекті ұлттық спорт түрлерінің бірі.

Ұзақ  жылдар бойы той-мерекелерде шағын көрсетілім ретінде ғана ойналып келген Теңге ілу еліміздің ұлтжанды азаматтарының күш салуымен Тәуелсіздік жылдары ұлттық спорт ойыны дәрежесіне көтеріле бастады.

           2007 жылы Теңге ілудің арнайы Ережесі жазылып, ұлттық спорт түрлерінен өткізілген  Қазақстан   чемпионатында алғаш рет ересектер арасында Теңге ілу бәсекесі ұйымдастырылды.

2017 жылы Теңге ілуден Қазақстан чемпионаты Алматы қаласында «Ұлы дала ойындарымен» бірге өткізілді. Теңге ілуден  XI рет өткен бұл чемпионаттың жеңімпазы болып Сапарбек Мағжан (Оңтүстік Қазақстан облысы) атанды. Ал, Бәшембаев Әліхан (Ақтөбе облысы) 2 орынды,  Зұлпыхар Бейбарыс (Алматы қаласы) 3 орынды иеленді.

           Жастар  арасындағы Теңге ілу бәсекесінің тарихы да 2007 жылдан бастау алады.

2017 жылы Жастар арасындағы чемпионат Жамбыл облысында ұйымдастырылды. 11 рет өткен бұл чемпионатта  Әліхан Бәшембаев (Ақтөбе облысы) жеңімпаз атанды. Екінші орын Мағжан Сапарбекке (Оңтүстік Қазақстан облысы) үшінші орын Ерлан Дүйсенбайға (Маңғыстау облысы) бұйырды.

         2012 жылы Теңге ілуден алғаш рет жасөспірімдер арасындағы чемпионат ұйымдастырылды.

2017 жылы Шымкентте 6 рет ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына 1999-2001 жылы туған жасөспірімдер бақ сынады. ҚР жасөспірімдер чемпионатындағы Теңге ілу бәсекесінің нәтижесінде 1 орынды – Рахат Қамбаров (Оңтүстік Қазақстан облысы),  2 орынды – Заңғар Қойбағаров (Жамбыл облысы), 3 орынды   – Бақытжан Төрехан (Батыс Қазақстан облысы) жеңіп алды.

         2015 жылы Елорда төрінде Теңге ілуден І Азия чемпионатының жалауы көтерілді. Азияның 8 мемлекетінің спортшылары бақ сынаған алғашқы Азия чемпионатында қазақтың қос саңлақ ұлы талассыз жеңімпаз атанды.  Оңтүстіктің оғланы  Ғалымжан Ізжанов бас жүлдені жеңіп алды. Ақтөбелік Әліхан Бәшімбаев Азияның күміс жүлдесін иеленді. Қола жүлде моңғолиялық қандасымыз Қуатхан Абдолға бұйырды.