Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.
Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, +90 кг салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 15 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.
Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.
Аударыспақ спорты еліміз Тәуелсіздің алған тұстан өрісін жедел кеңейтті. Кеңес заманының өзінде ресми түрде болмаса да, мерекелік шараларда аударыспақтан жекпе-жек өткізу республиканың барлық өңірінде ұзақ жыл жалғасын тауып келген. Ұлттық спорттың бұл түріне егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап ерекше көңіл бөліне бастады. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйытқы болуымен аударыспақ арнайы акредиттеуден өтіп, бірнеше жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің күнтізбелік жоспарына енгізілді. 2017 жылы Аударыспақтан Қазақстан Республикасының чемпионаты XVII рет өткізілді. Бұл спорт түрінен елішілік чемпионаттан тыс бірнеше турнирлер мен екі мәрте Ашық Азия чемпионаты ұйымдастырылды.
Аударыспақтан екі жылда бір рет Ашық Азия чемпионатын өткізу жолға қойылған. Алғашқы Ашық Азия чемпионаты 2014 жылғы маусым айында Астана қаласында ұйымдастырылды. Аударыспақтан тұңғыш рет өткізілген бұл Азия чемпионатын жалпы ұлттық спорттағы тарихи оқиға деуге болады. Түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ саналатын аударыспақ бәсекесінде 2014 жылы 11 мемлекеттің спортшылары бақ сынады. Алғашқы өткен аударыспақ жекпе-жегінде Қазақстан құрама командасы І Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.
ІІ Ашық Азия чемпионаты 2016 жылы шілде айында Қытай Халық Республикасында өтті. Негізгі ұйымдастырушылары – «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығы» мен Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиялы облысының әкімдігі және Іле Қазақ автономиялы облысының Ұлттық спорт түрлері федерациясы болған бұл чемпионаттың өткізілген жері – ҚХР ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысындағы Моңғолкүре ауданы.
ІІ Ашық Азия чемпионатының додасына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркия, Моңғолия, Венгрия, Қытай және Ресейдің Алтай республикасының командалары қатысты.
Аударыспақтан өткен ІІ Азия чемпионатында да Қазақстан құрама командасының мерейі үстеп болып, екінші мәрте Азия жеңімпазы атанды.
2017 жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында Аударыспақтан Халықаралық турнир өтті. Астанадағы «Қазанат» атшабарында тамыздың 16-18 күндері аударыспақтан өткен бұл турнирге 8 мемлекеттің командалары қатысты. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Моңғолия, Венгрия, Қытай және Ресейдің Алтай республикасының командалары қатысты. Бас жүлдені Қазақстан балуандары жеңіп алды.
Қазіргі кезде Қазақстанның аударыспақ құрама командасының жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаевтың және Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, Рахматілла Есімхан сынды жеңімпаз аударыспақшылар есімдері қалың жанкүйерге жақсы таныс.