Командалық көкпардың халықаралық бәсекелерінде Қазақстан мен Қырғызстаннан кейінгі жүлдені Тәжікстан көкпаршылары иеленіп тұр. 2013 жылы Астанада тұңғыш рет өткен І Азия чемпионатында, биылғы І Әлем чемпионатында қола жүлдені осы Тәжікстан командасы жеңіп алды. Бұл шағын жазбада Тәжік көкпарының бізге беймәлім тұстары әңгімеленеді.
«Бузкаши» федерациясының вице-президенті Хакимов Махмад Сайдұлы айтады: «Шындығына келсек, тәжік көкпары – далалық көкпар. Сіздердегі «жаппай көкпар» сияқты. Ерекшелігі – бізде серкенің артқы сирақтарын кеспейді, тіпті, кей аймақтарда серкенің төрт сирағын да бүтін қалдырып көкпар тартады. Бұл енді өте көп «чапандоздар» қатысатын, күні бойы тоқтаусыз тартысатын жабайы көкпар.
Тәжікстанда тана тартатын көкпар ойыны бар. Бірақ, бұл қауіп-қатері өте көп ойын. Тана көкпарда ат та, адамдар да жиі мертігіп жатады. Салмағы кемінде жүз жиырма, жүз елу келі тартатын тананы қалың көкпаршының арасынан суырып алып кету оңай шаруа емес.
Расында, бұл ойындар көкпаршылардың өздеріне ғана қызық. Ойын қызығын былайғы жұрт тамашалап көре алмайды. Әрі бұл ойындарды теледидарға ұсыну да өте қиын. Ұлттық ойын болған соң үзілмей жалғасып жатыр.
Ал, қазіргі кезде мемлекетіміз мына команда-командаға бөлініп, белгілі бір ережемен ойнайтын спорттық көкпарды дамытуға көп көңіл бөлуде. Жақында өтетін Тәжікстанның республикалық чемпионатына он команда қатысса, солардың ішінен біз үздік көкпаршыларды таңдап, І Әлем чемпионатына баратын ұлттық құрама команданы жасақтадық. Біз үшін І Әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алғанымыздың өзі үлкен олжа. 11 мемлекет қатысқан әлемдік жарыста жүлделі орынға қол жеткізу оңай шаруа емес. Көкпаршыларымыздың үздік өнер көрсеткеніне ризамыз.
Көп жыл елімізде осы спорттық көкпардың дамуына еңбек сіңірген, Қазақстан да өткен жарысқа командасын бастап келген Хуршет Машрапов есімді азаматымыз бар. Оның командасы осы Астанада 2013 жылы өткен І Азия чемпионатында үшінші орынды иеленген. Ол бұрын елішілік жарыстардың көп дүркін жеңімпазы атанған «Рудаки» командасының капитаны болатын. Биылғы жылы Хуршет Машрапов көкпардан мемлекеттік жаттықтырушы болып тағайындалды. Көкпар бәсекелерінде «Рудакиден» басқа «Гисар», «Хатлон» сияқты бірнеше үздік командаларымыз бар.
Біздің елде аударыспақ спорты да жақсы дамып келеді. 2016 жылы Қытайда аударыспақтан өткен Азия чемпионатында біздің бір спортшымыз қола жүлдені жеңіп алған.
Тәжік көкпарында «жоғарғы мәре» және «төменгі мәре» деген болады. Жоғарғы мәреге тек мықты «чапандоз» ғана салым салады. Ал, «төменгі мәрені» көкпарды жаңа тартып жүрген жастар жағалайды. Серке тасталған жер мен мәренің қашықтығы екі жүз метрден бір шақырымға дейін болады. Бұл ойынды тәжіктер – «Буз-каши» деп атаймыз. «Буз» — ешкі деген сөз. Ал, «каши» — қазақша айтқанда қашу, алып қашу деген мағынаны білдіреді. Сонда «бузкашидің» толық мағынасы – ешкі алып қашу ғой».
Төлеген Жәкітайұлы
I beloved as much as you will obtain carried out right here. The caricature is attractive, your authored material stylish. nonetheless, you command get bought an edginess over that you wish be handing over the following. unwell certainly come more in the past again as exactly the same nearly a lot frequently inside of case you protect this increase.