Америкалықтардың көкпар ойынына қызығуы шамамен 2014 жылдан басталады. Мұхиттың арғы жағында дүркіретіп көкпар тартып, салымды шеңберге салып қиқуласып жатқан америкалық көкпаршылар ойынының әлеуметтік желі арқылы әлемге танылғаны осы кез. 2016 жылы бірнеше америкалық атқұмарлар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келіп, нағыз көкпар додасын көздерімен көріп қайтты.
Суретте: Американың Войоминг штатындағы көкпар ойыны.
2017 жылы АҚШ көкпар құрама командасы Қазақстанның бас қаласы Астанада көкпардан тұңғыш рет ұйымдастырылған І Әлем чемпионатына толық құраммен қатысты. Америка көкпар командасының Әлем чемпионатына қатысуына АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі атташе орынбасары Мэтью Вилсон, елшіліктің мәдени бағдарламалар үйлестірушісі Тоғжан Мұқатаева ханым және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұжымы үлкен үлес қосты.
АҚШ құрама командасы әлемдік чемпионатқа екі апта бұрын келіп, Астана іргесіндегі Қараөткел елдімекенінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Америкалық көкпаршыларды жаттықтырған Ақмола облыстық көкпар командасының бас бапкері, ардагер көкпаршы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Тоқабаев. АҚШ командасының капитаны Крид Гарниктің айтуынша америкалықтар көкпар үйрену үшін өткен жылдарда Қырғызстанға екі мәрте арнайы келген. Бірақ, көкпар ойынының қыр-сырын Қазақстанға келіп жаттыққанда ғана терең түсіне бастапты.
Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның шетелдік командаларды қарсы алу жиынында «Қай салаға кіріссе де соны жандандырып, сол салада озып шығып, әлемді таңдандыратын Американың енді көкпар ойынына көңіл аударғаны бізді қатты қуантты. АҚШ азаматтарының көкпар ойнай бастауы – көкпар бағының жанғаны деп түсінеміз. Көкпар ойыны енді жандануға тиіс» деп айтты. Расында да, қазіргі кезде америкалықтар көкпар ойынын үйренуге белсене кірісті. Америкалықтар 2018 жылдың алғашқы айларында Қазақстанның көкпар жаттықтырушылары мен споршыларын АҚШ көкпар құрамасын жаттықтыру үшін өздеріне шақырған ұсыныс-хат жолдады. Бірақ, бұған қарап АҚШ-тың барлық өңірі көкпарға құлшына қалды деген ой тумаса керек. Негізінде, Астанада өткен І Әлем чемпионатына команда жинап келген АҚШ-тың Вайоминг штатының Бозмен, Джексон атты қалаларында тұратын азаматтар. АҚШ-тың Вайоминг штаты қаршадайынан родэумен (шу асау атқа, бұқаға мініп өнер көрсету) шұғылданып, ат құлағында ойнап өскен нағыз америкалық ковбойлардың ең көп тұратын өлкесі екен. Қазақстандағы АҚШ елшілігі арқылы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына жолданған ұсыныс-хатта қазақтың көкпаршы-мамандары, жаттықтырушылары сол Вайоминг штатына келіп, командалық көкпар ойынын үйретуді өтінген.
І Әлем чемпионатында америкалық көкпаршылар бес кездесу өткізді. Әлемдік көкпар ойынына алғаш рет қатысқандықтан АҚШ көкпаршылары Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан командаларынан ұтылды. Бірақ, олардың ойын нәтижелері осал болмады. Америкалық көкпаршылар кездесу сайын шеберліктерін арттыра түсіп, соңғы қарсыластарымен табан тіресе ойнады. Азиядағы аса тәжірибелі команданың бірі Қырғызстан көкпаршыларымен кездесуде ұпай санын алтыға жеткізгені жанкүйерді қатты таңдандырды. Чемпионат барысында Қырғызстан командасымен ойнаған басқа қарсыластарының ешқайсысы АҚШ көкпаршылары сияқты 6 салым салу мүмкіндігіне ие болған жоқ.
Суретте: АҚШ көкпар құрама командасының капитаны Крид Гарниктің серкені тақымға басып салым салуға бет алған сәті.
Америка көкпар командасы І Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуді Түркия командасымен өткізді. Ойын 2:1 есебімен аяқталды. АҚШ көкпар командасы тарихында команда капитаны, әрі шабуылшы Крид Гарниктің есімі ерекше аталуға тиіс. І Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуде Крид Гарник АҚШ командасының тұңғыш салымын салған ойыншы.
Төлеген ЖӘКІТАЙ