Бүгін Елордадағы «Қазанат» атшабарында 1-2 маусым күндері өтетін Теңге ілуден ІІ Азия және Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттары басталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген Азия чемпионаттарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркия мемлекеттерінің алпысқа жуық спортшылары бақ сынады. Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатында оңтүстіктің оғланы Мағжан Сапарбек чемпион атанды.
Бүгін «Қазанат» атшабарында түс ауа басталған салтанатты ашылудан соң алдымен Теңге ілуші шеберлердің бәсекесі тамашаланды. Жүйрік атпен құйғыта шапқан бетте көз ілеспес шапшаңдықпен түйіншектегі теңгелерді бірінен соң бірін іліп алған теңге ілуші жігіттердің сайысы қалың жанкүйердің көңілін бір серпілтті. 9 мемлекет спортшыларының арасынан ақтық сынға санаулы саңлақтар суырылып шықты.
Он спортшы сарапқа салған Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты жүлделерінің екеуін қазақстандық шеберлер ұтып алды. Алтын медаль мен 1 500 000 теңге сыйлық жас саңлақ Мағжан Сапарбекке бұйырды. Күміс жүлде мен 700 000 мың теңге сыйлықты Ғалымжан Ізжанов иеленді. Қола жүлде мен 500 000 теңге сыйлықты Қырғызстан спортшысы Амантур Минуур уулы қанжығасына байлады.
Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жүлдесі де 9 мемлекет командалары арасында сарапқа салынады. Бүгін 60 келі және 70 келі салмақтағы балуандардың сайысы тамашаланды. Балуандар сайысы қалың көпшілікті бей-жай қалдырмады. Азияның тақымы тастай, құрыш білекті, түкті жүректі жігіттері ат үстіндегі жекпе-жекте алуан әдіс, сан тәсілге салып бақты.
Түптеп келгенде, 60 келі салмақта қарсыластарын бет қаратпай ұтқан ақтөбелік жас балуан Азамат Серғазин Аударыспақтан ІІІ мәрте өткен Азия чемпионатының чемпионы атанды. Ал, Қазақстанның аударыспақ құрама командасының тағы бір мүшесі, ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов 70 келі салмақта Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатының чемпионы болды.
Суретте:60 келі салмақта қарсыластарын бет қаратпай ұтқан ақтөбелік жас балуан Азамат Серғазин
Ертең 80 келі, 90 келі, 90 келіден жоғары және абсолютті салмақтағы балуандар бәсекесі тамашаланады. ІІІ Азия чемпионатының ақтық сайыстарының қызығы бүгінгі бәсекеден де асып түседі деп болжануда. Басталуы сағат 11:00-де.
Қоғамда ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру, жастарды отансүйгіштікке, патриоттық рухқа тәрбиелеу және Ұлттар арасындағы достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту мақсатында ұйымдастырылатын осынау Ұлттық спорт жарыстары көзделген меже үдесінен көрінуде. Мәселен, Астанада өткен Азия чемпионаттарын ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері арнайы келіп тамашалауының өзі көп жайтты аңғартса керек.
Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатының жеңімпаздарын ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорт және ойындар комитетінің төрағасы Халил Ахмед Хан, комитеттің хатшысы Шамми Рана және комитеттің үйлестірушісі Марселлин Дэлли мырзалар, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы марапаттап, жүлдегерлерге арнап құттықтау сөз сөйледі.
Төлеген Жәкітай